Азаматтық қорғау органдарының қызметкері «Қазақстанның құрметті азаматы» атанды

25 Қараша 2021, 16:58
2143
Бөлісу:
Азаматтық қорғау органдарының қызметкері «Қазақстанның құрметті азаматы» атанды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына орай «Bilim-orkenieti» ұлттық инновациялық ғылыми-зерттеу орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстанның құрметті азаматы» атты республикалық байқау жарияланған еді.

Іс-шараның негізгі мақсаты - Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты бағдарламалық мақаласын қоғамға кеңінен насихаттап, Тәуелсіздік жылдары өз мамандығының хас шебері атанып, еліміздің дамуына үлес қосып жүрген азаматтарды қоғамда танымал еті, жастарға үлгі ету.

Республикалық байқаудың қорытындысы бойынша Шымкент қаласының ТЖ департаменті Қаратау ауданы ТЖ басқармасының бастығы азаматтық қорғау майоры Еркебұлан Тасқараев «Қазақстанның құрметті азаматы» атанды.

Республикалық байқауға еліміздің түрлі сала мамандары қатысып, Еркебұлан Тасқараев «Дарынды жастар» номинациясы бойынша қатысты. Ол азаматтық қорғау саласында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізуде жаңашыл әдістерімен, шығармашылық идеяларымен халықтың арасында кең танымал болды. Осы бағытта республикамызда алғаш рет жас бүлдіршіндерге арналған «Бебеу» атты ертегісін шығарған. Кішкентай «Бебеу» Шымкент қаласының бала бақшаларына ертегі кітапшасы, кейінінен сурет салатын альбомы ретінде жіберілді. Балапандар Еркебұланның бұл төл туындыларын үлкен қызығушылығымен қабылдады. Өрт сөндірушілер мен құтқарушылардың күнделікті атқаратын қызметі жас балаларға коммикс суреттерімен түсінікті жеткізілген, - делінген ТЖМ баспасөз қызметінің хабарламасында.

Азаматтық қорғау органдарының 25 жылдығына орай осы ертегі желісі бойынша трейлер шығарылды. Азаматтық қорғау саласындағы осындай туындыға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан қолдау көрсетті. Нәтижесінде 2021 жылғы 19 қазан Құтқарушылар күніне орай 6 минуттық аннимациялық мультфильм шығарылды. Бұл мультфильм республикалық «Балапан» телеарнасынан көрсетіліп, әрі қарай сериал ретінде шығару жоспарланған.

Осындай шығармашылық жұмыстарымен Еркебұлан Тасқараев Тәуелсіздіктің қастерлі де, киелі ұғымын жеткізіп, тәуелсіздіктің баянды болуы үшін ұлттық бірегейлікпен, бірліктің маңыздылығын жастарға түсіндіріп келуде.

Өзгелердің жаңалығы