«Азаматтарға арналған үкіметке» 5 жыл. Қанша қазақстандық «цифрланып» үлгерді?

7 Сәуір 2021, 09:32
3906
Бөлісу:
«Азаматтарға арналған үкіметке» 5 жыл. Қанша қазақстандық «цифрланып» үлгерді?
PHOTO

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы 2016 жылы 7 сәуірде құрылған екен. Мемлекеттік қызмет көрсетудің бірыңғай провайдері болуды мақсат тұтқан мекеме қазіргі таңда мемлекеттік реестрдегі қызметтердің 96,5%-ын көрсетеді. 5 жыл ішінде корпорация арқылы  150 млн қызмет ұсынылды. Республика бойынша 339 Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО), 442 бэк-офис, 21 цифрлық қызмет көрсету орталығы, 32 мамандандырылған ХҚКО және 69 мобильді ХҚКО бар. 


 

 

Биыл Азаматтарға арналған үкіметтің құрылғанына 5 жыл толды

 

2020 жыл қазақстандықтар үшін коронадағдарыс кезеңі болды. Карантин талабын орындап, үйлерінде отыруға мәжбүр болған тұрғындар мемлекеттік қызметті қашықтан алуға, электронды-цифрлық қолтаңбамен жақын танысуға талпынып, цифрлық қызметтің қыр-сырын үйрене бастады. Сөйтіп соңғы деректерге сүйенсек, 2020 жылдың өзінде қазақстандықтардың цифрлық сауаттылық деңгейі 83 пайыздан асыпты. Жалпы «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторларының бірі – 2018-2022 жылдар арасында халықтың цифрлық сауаттылығын 77%-дан 83%-ға арттыру еді. Демек қазақстандықтар цифрлық сауаттылыққа ден қойып келеді. Бұл қарқынды қазіргі ақпараттық заман талабымен түсіндіруге болады. Мәселен мемлекеттік қызмет көрсету саласында қызметтер жаппай автоматтандырылып, оңтайландырып, түрлі инновациялық-цифрлық жобалар енгізіліп жатыр. Осыдан біраз жыл бұрын ғана құшағына 10 қағазды салып алып, кезек күтіп, әр терезеге жүгіріп жүретін адамдар қарасы көп болатын. Ал қазір мемлекеттік қызметтердің 90%-ын үйден шықпай-ақ, кез келген гаджеттің көмегімен электрондық нұсқада онлайн алуға болады. Жұмысқа талап етілетін қағаз анықтамалар саны да барынша қысқарды. Оның үстіне елімізде кең ауқымда жүргізіліп жатқан жүйелі іс-шаралар да өз нәтижесін беріп жатыр.

«Азаматтарға арналған үкіметке» 5 жыл. Қанша қазақстандық «цифрланып» үлгерді?


 

Биыл Азаматтарға арналған үкіметтің құрылғанына 5 жыл толды. Біздің қызметіміздегі басты басымдықтардың бірі – халықтың цифрлық сауаттылығын арттырып, мемлекеттік қызметтерді онлайн алу дағдыларын дамыту. Осы мақсатта түрлі оқыту жобаларын ұсынып, фронт-офистерімізді трансформациялап, еліміздің мегаполистері мен облыс орталықтарында «Цифрлық орталықтар» аштық. Арнайы жұмыс топтарын құрып, ауқымды акциялар мен кең көлемде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз, - деді «Азаматтарға арналған үкіметтің» басқарма төрағасы Әділ Қожықов. 

3 мыңнан астам тренер жылына 500 мыңнан астам адамды мемлекетттік қызметтерді өз бетінше алуға үйретуде

 

Жалпы мемлекеттік корпорация азаматтардың цифрлық сауаттылығын арттыруға бағытталған «Электрондық үкімет және электрондық мемлекеттік қызметтер» оқу бағдарламасын, халық үшін базалық цифрлық негіздерін дайындап, соның негізінде 3 мыңнан астам тренер оқытылды. Содан бері олар жылына 500 мыңнан астам адамды мемлекетттік қызметтерді өз бетінше алуға үйретуде. Сондай-ақ корпорацияның мектептің оқу бағдарламасына электрондық үкімет порталын пайдалану бойынша қосымша сабақ енгізу туралы бастамасын Білім және ғылым министрлігі қолдап, «Информатика» пәнінің бағдарламасына «Электрондық құжат және электрондық цифрлық қолтаңба» және «Электрондық үкімет порталы» бөлімдері енгізілетін болды.

«Азаматтарға арналған үкіметке» 5 жыл. Қанша қазақстандық «цифрланып» үлгерді?


 

Онлайн сервистердің тиімділігін арттыру, қағаз құжат айналымын қысқарту, «электрондық үкімет» порталының қызметтерін насихаттау және цифрлық мәдениетті дамыту мақсатында еліміздің әр аймағында Digital ХҚКО – Цифрлық орталықтар ұйымдастырылды. Сондағы оқу сыныптарында электрондық үкімет порталының мүмкіндіктерімен танысып, арнайы курстан өткен 800 мыңнан астам адамға оқу сертификаттары берілді. Ал түрлі қоғамдық және оқу орындарына барып, цифрлық оқулар жүргізетін жұмыс тобының арқасында «Мобильді азаматтар» базасына - 9,5 млн, EGOV Mobile қосымшасына 1,1 млн адам тіркелді.


 

Ендігі міндет - 2022 жылы халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 87%-ға көтеру

 

Электрондық қызметтерді өз бетінше алуға машықтандыру үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарында (ХҚКО) 60/40 қағидаты бойынша трансформация жасалды. Осыған сәйкес қазір ХҚКО-лардың 60 пайызы «Connection Point» өзіне-өзі қызмет көрсету аймағына, ал 40%-ы операциялық залға тиесілі. Ал бұрын фронт-офистің 80%-ын операциялық зал құрайтын еді. 2020 жылы осы «Connection Point» секторларында 8 млн-нан астам клиент кеңес алып, электрондық порталды қолдануға дағдыланды.

«Азаматтарға арналған үкіметке» 5 жыл. Қанша қазақстандық «цифрланып» үлгерді?


 

Мемлекеттік корпорация бүкіләлемдік пандемия басталғаннан бері мемлекеттік қызметтерді көрсетіп қана қоймай, азаматтарды ақпараттық заманға бейімдеп, онлайн кеңес арқылы цифрлық сауаттылықты бекітуге күш салуда. Бұл тарапта 2 мыңға жуық оператор egov.kz электрондық үкімет порталы арқылы қызмет алушылардың видеоқоңыруларын қабылдап, 250 маман виртуалды кеңесші қызметін атқара бастады. Сондай-ақ арнайы «цифрлық» волонтерлар дайындалды. Нәтижесінде 2020 жылы 13,9 млн аудиоқоңырау және 8,8 млн видеоқоңырау қабылданып, тұрғындарға қызметтерді онлайн алу бойынша қолдау көрсетілді.

«Азаматтарға арналған үкіметке» 5 жыл. Қанша қазақстандық «цифрланып» үлгерді?


 

Халықтың цифрлық сауаттылығын көтеру жолында egov.kz электрондық порталын насихаттап қана қоймай, eGov mobile қосымшасы, Facebook, VKontakte әлеуметтік желілері мен Telegram мессенджері арқылы мемлекеттік қызмет алудың жаңа мүмкіндіктері мен артықшылықтарына бағыт сілтеп жатқан корпорация ұжымына жаңа міндет жүктелді. Яғни 2022 жылы «Азаматтарға арналған үкімет» мамандары халықтың цифрлық сауаттылық деңгейін 87%-ға көтеруге атсалыспақ.

 

Өзгелердің жаңалығы