Азаматтардың шағымы бойынша елорданың медицина ұйымдарына 40-қа жуық мониторинг жүргізілген

29 Шілде 2021, 16:13
3638
Бөлісу:
Азаматтардың шағымы бойынша елорданың медицина ұйымдарына 40-қа жуық мониторинг жүргізілген

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Нұр-Сұлтан қаласы «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» ҰАҚ Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Нұрлыбек Қабдықапаров Медициналық сақтандыру қорының Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының қызметі туралы өткен брифингте айтты.

Медициналық сақтандыру қорының негізгі басымдықтарының бірі – пациент құқығын қорғау. Осыған орай кері байланыс құралдары арқылы түсетін шағым-өтініштер ерекше бақылауда болады. 2021 жылдың І жартыжылдығында Қордың Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалына 1165 шағым түскен. Барлық шағымдар бойынша шаралар қабылданып, өтініш иелеріне жауап берілді, - деді ол.

Нұрлыбек Қабдықапаров айтқандай, 2021 жылдың 6 айында түскен азаматтардың өтініш-шағымдарына қатысты елорданың медицина ұйымдарында жоспардан тыс 39 мониторинг жүргізілді.

Биылғы бірінші жартыжылдығында жоспардан тыс жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша 129 кемшілік анықталып, салынған айыппұл сомасы 18,7 теңгені құрады. Мұндай жоспардан тыс жүргізілген мониторинг-тексеріс 2020 жылмен салыстырғанда 5 есеге көп, - деп атап өтті Нұр-Сұлтан қаласы бойынша филиалының директоры Н.Қабдықапаров.

Бұлардың көпшілігі тұрғындарға медициналық көмек көрсетуді дұрыс ұйымдастыруға қатысты, яғни сол жерде медицина ұйымдарында және Денсаулық сақтау басқармасында шешімін табуы тиіс мәселелер.

Қор тарапынан медицина қызметкерлері үшін оқыту онлайн семинарларын өткізу, олардың білімін өлшеу арқылы халыққа қызмет көрсету бойынша жұмысты арттыруға жеткізушілермен өзара іс-қимыл және ынталандыру бойынша жүйелі шаралар жалғасуда. Медициналық ұйымдар пациенттерді қолдау және ішкі аудит қызметтерінің жұмысын жолға қоюы, тіркелген тұрғындардың мұқтаждықтарына жауапкершілікпен қарауы қажет, - деп атап өтті Қабдықапаров.

Өзгелердің жаңалығы