Қазақ журналистикасы неге тәуелді?

17 Қыркүйек 2020, 13:52
2259
Бөлісу:
Қазақ журналистикасы неге тәуелді?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қорының ұйымдастыруымен «Қазақ тілді интернет ресурстардың өзекті мәселелері» атты онлайн форматта сараптамалық кездесу өтті.

Кездесуге отандық БАҚ саласының бас редакторлары мен медиа сарапшылар қатысты. Атап айтқанда, саясаттанушы және еліміздің Қоғам қайраткері Айдос Сарым, «Қазақ үні» газеті және порталының жетекшісі Қазбек Иса, «Massaget.kz» порталының бас редакторы Өмірбек Сансызбаев, «Baq.kz» сайтының бас редакторы Мөлдір Асқар, «BariBar.kz» порталының бас редакторы Димаш Зиядин, «Атырау-Ақпарат» холдингінің өкілі Ерлан Мәжік және «Медиа дамыту қоры» корпоративтік қоры бас директорының кеңесшісі Қайнар Ахетов қатысты.

Айта кетейік, 2009 жылдың көрсеткіші бойынша Қазақстанның интернет кеңістігінде бар болғаны 6 сайт қазақ тілінде болған екен (abai.kz, egemen.kz, jasqazaq.kz, qazaquni.kz, turkystan.kz, zamandas.kz.). Сол уақыттан бүгінгі күнге дейін қазақ тілді сайттардың, порталдардың саны өсті, ал сапасы ше?

Кездесу барысында сарапшылардың басты назары қазақ тілді БАҚ-тың контенті және оның даму мәселелерінде, пайдалы контентінде, сайт редакцияларының өз аудиториясын зерттеу жолдарында болды.

Онлайн форматта болған кездесудің бас сарапшылары Қазбек Иса және Айдос Сарымның пікірінше, отандық сайттардың көрсеткіштерін анық әрі дұрыс көрсете білетін «Ұлттық өлшегіш» құралын құру керек. Сонымен қатар, қоғамдық пікірдің соңынан еріп жүру емес, қоғамдық пікірді өзгерту басты бағыт. Сол себепті қазақ тілді интернет ресурстрадың редакциялары аудиторияға «өтімді» жаңалықтарды ұсынып, аудиторияға бейімделу процесінен кетуі керек екенін атап өтті.

Айдос Сарымның сөзіне сүйенетін болсақ: «Неге билік қазақ аудиториясымен сөйлескен кезде негізінде рухани, қоғамдық үлкен дүниелерді айтады да, ал қоғамға қатысы бар үлкен дүниелерді орыс тілінде айтады? Мысалы, зейнетақы қанша пайызға өсті, экономиканың қандай үлкен бағыттарында өзгерістер болады, инвестициялық саясат қандай болады. Осындай тақырыптарды неге орыс тілінде береді? Ал өз аудиториямызға осы тақырыптарды қаншалықты қызық етіп жеткізуге тырысудамыз?.. Өзім қазақ басылымдарын жиі оқитын оқырман ретінде айтарым, экономикалық тақырыпта жазылып жатқан ақпараттар, сараптамалар да пайда болып жатқан сияқты. Жақсы-жақсы қазақ тілді экономист, заңгер, эколог басқа да азаматтар пайда болып, заманауи тілде, барынша қазақыландырып ақпаратты беріп жатқан да сияқты. Бірақ жағдайымыз жаңағыдай...»

Ал, еліміздің жастары арасында танымал «Massaget.kz» порталының бас редакторы Өмірбек Сансызбаевтың сөзіне сүйенетін болсақ, кез-келген редакция өз оқырмандарына зерттеу жасауы шарт. Сайтқа сараптама жасаудың 3 өлшемі бар.

-         Маркетингтік;

-         Редакциялық;

-         Әлеуметтік желі арқылы.

«Baq.kz» ақпарат агентитігінің бас редакторы Мөлдір Асқардың айтуынша, бүгінгі күні тек қазақ тілінде ақпарат тарататын сайттардың, соның ішінде жаңалықтар редакцияларының тілшілері «аудармашы» қызметін қатар алып жүреді. Себебі ресми жиындарда, баспасөз конференцияларында баяндамашылар баяндаманы орыс тілінде оқиды. Бұл тілшілердің порталға жаңалықтарды шұғыл салу процесін баяулатады.

Сондықтан, кездесудің ең басты қорытындыларының бірі ретінде БАҚ-тың осы уақытта интернет-платформаларда белсенді болуының маңыздылығын бөліп айта аламыз. Қазақ редакциялары аудиторияны өзінің артынан ерте білетін ақпараттық майданды және де отандық сайттардың көрсеткіштерін анық әрі дұрыс көрсете білетін «Ұлттық өлшегіш» құралын құру керек. Себебі оқырманның талғамын құрастырушы органдардың бірі – медиа саласы. Мемлекеттік органнан шығатын ақпарат екі тілде қатар, әрі сапалы шығуы керек.

Сараптамалық кездесу әлеуметтік желілерде тікелей эфирде өткізілді.

 Кездесудің толық нұсқасын “Медиа дамыту қоры” Корпоративтік қорының Facebook желісіндегі mediafoundationkz парақшасынан көре аласыздар.


Өзгелердің жаңалығы