Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

21 Қаңтар 2019, 11:00
23325
Бөлісу:
Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

Алматы, BAQ.KZ, тілшісі. Қазір ою-өрнекті оңды-солды пайдалану көбейіп кетті. Ол дұрыс емес. Қазақы нақышта болу керек деген тапсырыс алса болды, интернеттен бір оюды алып жапсыра салатын болды. Мұның бәрі білместіктен болып жатыр, адам кішкене ізденіп, ою-өрнектің мағынасына терең үңілу керек. Бұл туралы зергер, қолөнерші Есенбек Шымшиханұлы сұхбат кезінде айтты.

Есенбек Шымшиханұлы, қазақтың зергерлік өнерінің тарихы сонау мың жылдықтан бастау алатыны белгілі. Қазіргі дәстүрлі зергерлерлік өнер қандай жағдайда, даму беталысы қандай?

Қазақтың зергерлік өнері өте көнеден келе жатқан өнердің бірі, арғысы 5 мың жылдан бастау алады. Өнердің ішіндегі ең көнесі осы зергерлік өнер деп айтсақ болады. Ата-бабамыз ешқандай технологияның дамымай тұрған кезінде қаншама өнер туындыларын жасағанына қазір көріп, соған куә болып жатырмыз. Мәселен, Сақ қорғандарынан табылып жатқан Алтын адамдардың үстіндегі киімі қандай керемет. Онда бейнеленген аң стиліндегі зергерлік бұйымдар қандай шеберлікпен жасалған. Оның үстіндегі элементтер өз орнын тапқан. Мәселен беліндегі алтын әшекейлер жоғарғы жағындағысына қарағанда өзгеше етіп жасалған. Жалпы алтынды табиғаттан қорытып алудың өзі үлкен жұмыс.

Қазір еліміздегі зергерлік өнер жаман деп айтуға келмейді, жан-жақты даму үстінде. Заман талабына сай зергерлік бұйымдарды жасап жатқан адамдар да көп, шағын зауыт, цехтар да жетерлік. Олардың әрқайсысының жасау технологиясы әр алуан. Алайда ұлттық нақыштағы зергерлік әшекейлерді жасайтындар санаулы ғана. Олардың әрқайсысының өзіндік қолтаңбасы қалыптасқан. Бір-бірінің затын көріп жатса бірден танып, мынау бәленшенікі ғой деп айтып жатады. Одан кейін станокпен штамтап жасайтындар да баршылық, олардың заты арзандау келеді.

Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

Неліктен?

Олардың бұйымында идея, авторлық жұмыс деген жоқ. Бұрын шыққан бұйымдарды қайталап, көбейтіп жасай береді. Бір жасағанда онын немесе жүзін бірақ жасауы мүмкін.

Кезінде зергерлік өнерде қолданатын ою мен текеметке салатын өрнек алуан түрлі болған, яғни зергерлік бұйымдарға тән өзіндік оюлар болған. Қазір осыны көпшілік дұрыс түсінбей жүр. Кейбір жерде ою-өрнекті оңды-солды пайдалану кездесіп жатады. Ол дұрыс емес. Қазақы нақыштау болу керек деген тапсырыс алса болды, интернеттен бір оюды алып жасап жатқан бұйымына жапсыра салатын болды. Мұның бәрі білместіктен болып жатыр, адам кішкене ізденіп, ою-өрнектің мағынасына терең үңілу керек. Күміске, метальға қойылатын оюлар киімдерге кетіп жатады. Текеметтің оюын әкеп білезікке салып қояды. Әр оюдың өзіндік мағынасы бар, мәселен қошқар мүйіздің бірнеше түрі бар. Оның текемет, сырмаққа арналғаны бір бөлек, зергерлік әшекейге салынатыны тағы басқа дегендей. Осыны кейбірі ажырата алмай жатады. Сайып келгенде бұлар жайдан-жай жасалмаған. Мәселен, зергерлік өнерде сіркелеу әдісі деген бар. Ол кішкентай домалақ түйіншектерден жиналады. Оның мағынасы не нәрсе кішкентай тамшыдан құралады дегенді білдіреді.

Әр бұйымның өзіне тән мағынасы бар дейсіз ғой?

Иә, кез келген зергерлік бұйымның терең мағынасы бар. Мысалы, қыздардың шолпысын алайық. Сырт жақтан қонақ келгенде үй иесінің қызы қонақтардың көзінше шолпысын сыңғырлатпай жүруі керек болған. Соған қарап қонақтар ол қыздың тәрбиелі, инабатты екеніне баға берген. Сондай-ақ, екі саусаққа киілетін құдағи жүзік бар, ол да өзіндік мәнге ие. Оны қызына дұрыстап қарасын әрі тату болайық деген ниетпен қыздың анасы құдағиына арнайы соқтырып берген.

Қазақ қыздары шетінен әдемі ғой. Егер олар ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдармен жүрсе одан сайын сұлулана түседі. Қазақ қыздары кезінде шолпысыз, қолында білезіксіз жүрмеген. Ақын, жазушыларымыз әнге қосқанның өзінде де зергерлік бұйымдарды қосы жырлаған. Мысалы, «Шолпысы сыңғырлаған», «Сырғалым» деген әндер содан туындаған деп ойлаймын. Қазақ қыздарын ұлттық зергерлік бұйымсыз елестету де күнә. Қазақ қызының қос бұрымында шолпысы, құлағында әдемі сырғасы, қолында қос білезігі, басында бөркі болса қандай керемет. Апаларымыздың кимешегінің өзі айналдырған күміс әшекейлер болған. Қолдарына қосбілезік, жұмыр білезік, сом білезіктер таққан. Сондықтан қазақтың зергерлік өнері жақсы дамыған, өзгелердікінен оқбойы озық тұрады.

Өткенде айтыста бір ақанымыз «Еуропа елдері жапырақ байлап жүргенде, біздің ата-бабабмыз алтынмен киініп жүрген», деп жақсы айтты. Мұның барлығы қазақ мәдениетінің, өркениетінің сонау кезеңнен жоғары деңгейде болғандығын көрсетеді. Бұрын көшпенділерді жабай халық деп келсе, енді бүкіл әлем біздің де үлкен өркениетіміз болғанын мойындай бастады. Сонау заманда металды қорытып, оны игере білгенін бүкіл әлем мойындады. Қазір «Рухани жаңғыру» деп жатырмыз ғой, қолөнершілер де соған өз үлесін қосуда, атадан қалған кәсіпті игеріп отырған жайымыз бар.

Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

Жалпы күмістің пайдасы жайлы айта отырсаңыз?

Күмістің пайдасы зор ғой. Күміс тұрған жерін тазартып отырады. Мәселен, ішетін суыңызға бір түйір күміс салып қойсаңыз оның ішіндегі қаншама микробтарды жойып жібереді. Бұрынғы заманда сал серілеріміз қолында білезігі жоқ келіндердің шайін ішпеген. Әйел адамдар тұрмыстық жағдайда әрқашан күміс әшекейлер тағып жүрген. Жаугершілік заманда Қабанбай батыр Жалаңашкөлдің жағасында жараланған сарбаздарын күміс сумен жуындырған, деген аңыз бар. Одан соң күміс күш беретін үлкен энергияға ие. Бұрынғы ер азаматтардың ат әбзелдерінен бастап белдігіне дейін күміспен безендірілген. Қазақ бұйымдарының барлығында күміс жүрген. Домбыра, қобызға да күміс бұйымдар ілінген. Сандық, ертоқымға дейін күміс, асылтастармен әрлендіріп отырған. Еліктің аяғынан жасалған қамшыларға дейін күміспен әдемі безендірілгеніне куә болып жүрміз.

Өзіңіздің зергерлік бұйымдарыңыз жайлы айта отырсаңыз?

Менің жұмыстарымда көбінде таза күмістен, одан кейін малдың сүйегін, ақық, маржан, малахит сияқты табиғи тастарды қолданамын. Заттарым көне және қазіргі заманғы нақышпен ұштастырып, этно стильде жасаймын. Әр жасаған жұмысым өзінше жеке дара, бір-біріне ұқсамайды. Тұра көшірмесін жасап бер дегеннің өзінде ол бұрынғысынан бәрібір өзгеше болып тұрады. Қазір көбінде білезік, сырға, сақина, үш саусаққа киілетін бесбілезік, өңіржиек жасаймын, арасында тапсырыс бойынша шашбау, шолпыларды да жасап тұрамын. Ер адамдардың тапсырыс беруі өте сирек, арасында белдік жасалады. Көбінесе сол әйел адамдардың әшекей бұйымдары.

Шикізатты, яғни күмісті қайдан аласыздар?

Қалада үнемі күміс алып жүрген 4-5 жер бар. Бағасы қатты арзан да емес, қымбат та емес, қазіргі нарықтағы баға. Күміс пен алтынның бағасы әлемдік биржадағы саудаға байланысты. Онда көтерілсе көтеріліп, түссе арзандап отырады. Сондай-ақ қазір біздегі кез-келген банктен де күміс тағы басқа бағалы металдарды алуға болады. Кейбір ақша айырбастау орындарында да күміс алуға рұқсат берді. Оның барлығы өз елімізде өндірілген күмістер.

Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

Мәселен қазір шетелден күміс бұйымдар көптеп әкелінуде, олардың сапасы қандай?

Егер күмістің құрамына тоқталатын болсақ, ол шикізат түрінде 0,999 сынамалы болып келеді. Оны жасайтын адамдар қоспа қосқан кезде құрамы өзгереді. Зауыттық сынамалар 925 сынам болса, қолөнершілердің бұйымы 950 сынамалы болып жасалады. Сырттан келетін заттар жайлы айтар болсам, нарық болған соң ол жерде сапалысы да, сапасызы да бар. Нағыз тексерістен өткен күмістердің сертификаты болады, яғни талапқа сай құжаттары бар болса оларды қорықпай ала беруге болады. Күмән туғызған күннің өзінде де қазір оның сынамасын кез-келген жерден тексертіп алуға болады. Жергілікті зергерлер Алматыдағы сынама орталығында сараптамадан өткізіп, солардың сынама мөрін қойдырады.

Өзіңіз зергерлік өнерге қалай келдіңіз, сол жайында айта отырсаңыз?

Зергерлік өнерге келуім бұл ата-бабадан дарыған деп айта аламын. Өзім 1975 жылы Моңғолияның Баян-Өлгей аймағында дүниеге келгем. Үлкен атам шебер адам болған кісі. Аяғындағы қазақтың сапатама етігін өзі тігіп киіп жүретін. Ол кісі 97 жас жасады. Ал әкем қолөнерші, суретші, архитектор, мүсінші елге танымал адам болды. Ағаларым да өнерден құралақан емес. Біреуі зергер, біреуі ағаш шебері. Жастайымнан солардан көріп, үйрендім. Кейін Алматыдағы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде Сәндік қолданбалы өнер факультетінің зергерлік мамандығын бітіріп шықтым. Оқуды тәмамдағаннан бері осы зергерлік өнермен айналысудамын.

Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

Әр өнер адамының бір арманы жеке көрме өткізу десек қателеспейтін шығармыз. Бұған дейін көрме өткіздіңіз бе?

Жеке шығармашылық көрме өткізген жоқпын. Бірақ республика көлемінде өтіп тұратын қолөнершілердің көрмелерінің біразына қатыстым. Марапатталып, жүлделі орындар да алдым. Көршілес Қырғызстан, Өзбекстан мемлекеттерінде өтіп тұратын қолөнершілердің көрмелеріне де қатыстым. Заттарым кейбір адамдардың жеке колекцияларында сақтаулы. Жалпы жеке көрме өткізу ойымда бар. Әнші, артистер жеке шығармашылық концертін бергендей әрбір суретші, зергер де өзінің жеке шығармашылық көрмесін өткізуді армандайды. Оған көп дайындық керек. Қалай болса солай бір-екі затты апарып қоя салуға болмайды. Шығармашылықпен айналысқан соң заттарымды жинақтап, құдай қаласа алдағы уақытта өзімнің жеке шығармашылық көрмемді өткіземін деген жоспарым бар.

Жыл соңында мәдениетке қатысы бар өнер адамдары марапатталып, үкімет тарапынан үлкен қошеметке ие болды. Дегенімен олардың арасынан суретшілер, мүсіншілер, зергерлерді байқамадық. Бұл неліктен деп ойлайсыз?

Өнер адамдары үкімет тарапынан марапатталып, үлкен қошеметке ие болып жататыны рас. Алайда сол кезде суретшілер, мүсіншілер, зергерлер тасада қалып қойып жататыны да рас. Оның себебі бұл кісілер көп сөйлемейді, өзінің шеберханасында жұмыс істеп, шығармашылығымен айналысып отыра береді. «Жыламаған балаға емшек жоқ» дегендей көзге көп көріне бермегендіктен қалыс қалып қояма деп ойлаймын. Әйтпесе сол құрметке лайықты небір мықты суретшілер, зергерлер, мүсіншілер бар ғой. Жастардың арасында да жақсы өсіп келе жатқан талантты зергерлер, суретшілер көп. Сондықтан осы өнер иелерін де марапаттап қойса артық болмас еді. Ондай нәрсе шығармашылық адамдарын одан ары ынталандырып, ізденуіне шабыт береді, жақсы дүниелер жасап, көсіле шабуына үлес қосар еді.

Жалпы үкімет тарапынан қолөнершілерге қандайда бір қолдаулар жасала ма?

Бізде бұрынан Қазақстан Суретшілер одағы бар болатын. Қазір Қолөнершілер одағы құрылды. Үкімет тарапынан асып бара жатқан қолдау жоқ. Дегенімен әр жергілікті жерде мейрам кездерінде көрмелерге шақырып, заттарыңды халыққа көрсетіңдер деп орындар бөліп, мүмкіндік беріп жатады. Тапсырыс беріп, немесе басқа да демеу жасау жағы кенде қалып тұр.

Қазақтың ою-өрнегін оңды-солды пайдалану көбейіп кетті – зергер

Қазір ұлттық нақыштағы күміс бұйымдарға деген сұраныс қалай?

Тәуелсіздік алған жылдары әлеуметтік жағдайға байланысты ма, көп адамдар ұлттық зергерлік бұйымдарды түсіне бермейтін. Жасаған әшекейлерімізді шетелден келген туристер ғана түсініп, сатып алатын. Қазір құдайға шүкір, халық қай заттың сапалы, құнды екенін аңғаратын жағдайға жетті. Қолдың жұмысын жақсы бағалауда. Базардағы қытайдың жылтырағынан гөрі өзіміздің заттарға бет бұра бастады. «Өзімнен кейін артымдағы ұрпағыма мұра болып қалады», деп бізге тапсырыс беріп жатады. Ол біз үшін де үлкен мәртебе. Ертеңгі күні біз жасаған бұйым біреудің үйінде мұрадан-мұраға өтіп, бұны осындай зергер жасап еді деп айтып жатса, онымен біздің балаларымыз да мақтанып жүретін болады.

Қолөнер қашанда жоғары бағаланған ғой. Бір затты жасау үшін кейде бірнеше күн кетеді. Сондықтан оның бағасы зауытта жасалатын бұйымнан анағұрлым жоғары болады. Мәселен, бұрын бір қыздың жасауын жасап шығу үшін зергер айлап, жылдап отыратын болған. Жалпы қазақтар сатып пайда табу үшін емес, бар ынта жігерімен жасаған ғой. Тапсырыс берген тарапта оны жақсы бағалаған. Бір қыздың жасауына жасатуға бәлембай жылқы берген деп те айтылып жатады. Сондықтан зергерлік өнер қасиетті өнер десек болады. Зергерлік бұйымдар ешқашан өлмейді. Мәселен бұрын жасалған білезіктер қазірде үлкен сұранысқа ие, солар әлі де жасалады. Кітаптан қарап отырып кейбірінің көшірмесін жасаймыз, кейбірін ұқсатып жасаймыз.

Зергерлік өнердің қыр-сыры, қиындықтары жайлы айтып берсеңіз?

Бұл алдымен төзімділікті, ептілікті талап ететін өнер. Екіншіден, көңіл-күйге де байланысты, көтеріңкі көңілде болсаң бір сақинаны бір сағатта жасап шығуға болады, ал керісінше болса оны екі-үш күн жасауың да мүмкін. Сондықтан бұл өнерге екінің бірі келе бермейді. Әсіресе жастардың төзімі жетпей жатады. Зергерлік жұмыс мұқияттылықты, сабырлықты, төзімділікті қажет ететін өнердің түрі.

Әр туындың өзіңнің балаң сияқты болып тұрады. Кей заттар сәтті шықса ешкімге қимай, өз колекцияма қалдыратын кездер де болады.   Қазір бір затты жасап отырғанда екіншісін қалай жасау керектігін, яғни идеясын ойлап отырамын. Қолыма қағаз алып, нобайын сызып уақытымды кетірмеймін. Көп заттарым өз қиялымнан туған жұмыстар.

Әңгімеңізге рахмет!

Әділет МҰСАХАЕВ

Өзгелердің жаңалығы