Қазақ тілін ағылшын-латын графикасымен үйрететін мобильдік қосымша пайда болды

25 Ақпан 2019, 20:06
3846
Бөлісу:
Қазақ тілін ағылшын-латын графикасымен үйрететін мобильдік қосымша пайда болды

Астана, BAQ.KZ. Бүгін ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Орталық коммуникациялар қызметі алаңында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры жанындағы Мемлекеттік тілді дамыту қоры қазақ тілін үйренуге көмектесетін жаңа жобаларымен таныстырды.

Мемлекеттік тілді дамыту қорының баспасөз қызметінің мәліметінше, бұл «Soyle.kz» онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы, Android пен iOs платформаларындағы «Balasoyle» мобильді қосымшасы, «Ұлы дала аңыздары» («Легенды великой степи») веб-графикалық романдар сериясы, қазақ тілін үйренуге арналған Soyletube видеожобасы.

Ерекше назар аударатын жоба - «Soyle.kz» онлайн-курсының ағылшынша және латын графикасындағы нұсқасы. Егер де бұған дейін қазақ тілін үйрену мүмкіндігін тек орыстілді қолданушылар пайдаланса, енді портал материалдары шетелдегі этникалық қазақтар мен ағылшын тілді шетелдіктерге қолжетімді. Оған қоса портал арқылы қазақстандықтар латын графикасын да үйрене алады.

Қазір «Soyle» порталында 115 мыңнан астам адам тіл үйренуде, ашылғалы Қазақстан және шетелдерден 5 миллионнан астам қолданушы ресурсты пайдаланған, әлеуметтік желілердің көмегімен күнделікті 30 мың адам қазақ тілін үйренеді. Юұл күнге дейін «Soyle» мобильді қосымшасын 50 мың пайдаланушы жүктеген. 2016 жылдан бастап «Soyle.kz» әдістемесі бойынша Skype арқылы қазақ тілін оқыту сабақтары тегін жүргізіліп келеді. «Астана» радиосында аптасына үш рет қазақ тілін үйрету бағдарламасы жіргізіледі.

«Balasoyle» мобильді қосымшасы мектепке дейінгі және мектеп жасындағы балаларға қазақ тілін ойындар арқылы үйретеді. Жоба балалардың дұрыс сөйлеуіне, сөздік қорын дамытуға ықпал етеді, сондай-ақ қоршаған орта туралы білімдерін жетілдіреді. Bala.soyle.kz балалар порталын күнделікті бір жарым мың адам пайдаланады.

Тұңғыш Президент қорының баспасөз хатшысы Оксана Лоскутова өз сөзінде, қазақ тілін үйренуге деген ынта тек қазақстандықтар тарапынан ғана емес, сондай-ақ шетелдік азаматтар арасында да жоғары екенін атап өтті. 

«Біздің жобаларымыз көпшіліктің мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын жыл сайын арттыруды, географиялық жағынан ауқымды аудиторияны қамтып, үйренушілер санын ұлғайтуды көздейді», - деді ол.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласында айтылған игі мақсаттарды жүзеге асыру аясында Қор қазақ халқының мәдени, әдеби және рухани жетістіктерін дамытуға бағытталған жұмыстарын жалғастырып келеді.

Осыған орай, «Ұлы дала аңыздары» (Легенды великой степи) онлайн жобасы аясында веб-графикалық романдар сериясын әзірлеуді қолға алып, қазақ, орыс және ағылшын тілдеріндегі «Qazcomics.kz» веб-сайты мен мобильді қосымшасы әзірленді.

«Ұлы дала аңыздары» жобасы ғасырдан ғасырға, ұрпақтан ұрпаққа жеткен қазақ халқының тарихы мен аңыздары туралы сыр шертетін «Ұлы махаббат туралы жеті хикая» және «Қазақ жерінің ұлы батырлары» деп аталатын екі бөлімнен тұрады. Аңыздар мазмұны Қазақстанның киелі орындарының тарихымен астасып жатыр, әңгімелер арқауы көпшілікке киелі жерлер туралы толығырақ мәлімет алуға мүмкіндік береді.

«Samruk-Kazyna Trust» Қоры әлеуметтік және тіл жобаларын, атап айтқанда, қазақ тілін үйренуге бағытталған «Soyle.kz» жобасын қолдау жұмыстарын жалғастыра бермек. Онлайн-жобаның көмегімен көптеген ғаламтор қолданушылары мемлекеттік тілді тегін үйренуге мүмкіндік алды», - деп атап өтті «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының корпоративтік коммуникациялар департаментінің директоры Мирас Іргебаев.

Мемлекеттік тілді дамыту қоры осы шара барысында Youtube желісіне орналастырылған бірегей бейнесабақтар топтамасымен таныстырды. Бейнесабақтар қазақ тілінде дұрыс сөйлеуді жетілдіруге бағытталған және күнделікті тұрмыста жиі қолданылатын сұхбаттар түрінде түсірілген. Сабақтардың мазмұны мен материалдардың жеткізілу әдісі жаңадан тіл үйрене бастаған тыңдаушылардың да, тілді меңгеріп алғандардың да қызығушылығын арттырмақ. Қазіргі уақытта «Soyletube» Youtube-каналына 7 бейнеролик жүктелді.

Бұл аталған жобалар ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы қоры және «Samruk-Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен жүзеге асырылды.

 

Өзгелердің жаңалығы