Қазақстандықтардың болашақтағы бейнесі қандай болмақ
29 Тамыз 2020, 19:23 844

Қазақстандықтардың болашақтағы бейнесі қандай болмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстанда форсайт сессиялары аяқталды. Сарапшылар қазақстандықтардың қазіргі басты трендтерін зерттеп, үш бағыт бойынша 2030 жылға дейінгі сценариін ұсынды.

Форсайт сессиялары үш тақырып бойынша өтті: «Болашақтағы қазақстандықтың бейнесін қалыптастыру», «Инклюзивті көзқарас пен инклюзивті қоғамды құру» және «Халықаралық аренадағы Қазақстан». Зерттеу жұмыстарына отандық және шетелдік сарапшылар тартылды.

Пандемияға байланысты Форсайт онлайн форматта өтті. Алайда, «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институты» орталығының жетекшісі Жанар Буканованың айтуынша мұның да өз ерекшеліктері бар.

Бұл форсайттың қызығы да, дербестігі де қоғам санасын жаңғыртуға арналғандығында, - деді Жанар Буканова. — Өйткені, бұл жылдам өзгеріп тұратын сала. Форсайт технологиялары болашақтың келбетін нақты анықтауға көмектесіп, тиімді нәтижелерге жету жолдарын жеңілдетеді. Өкінішке қарай, бұл құрал өзінің тиімділігін дәлелдеп қойғанына қарамастан ғалымдар мұндай зерттеулерге көп жүгіне бермейді. Бүгінде біздің зерттеулермен қатар форсайт «Жаңа мамандықтар атласы» жобасының аясында жүзеге асып, жақсы нәтижесін беруде. Жалпы, форсайт зияткерлік технология ретінде зерттеушілерге жаңа форматтарды қолдану арқылы жарқын болашаққа қол жеткізуге жол ашады. Алдағы уақытта бұл форсайттың қорытындысы жаңа ғылыми зерттеулерге негіз болады.

Зерттеу барысында сарапшылар қоғамның даму сценариін үш кезеңге бөліп қарастырды. Жақын кезең 2025 жылға дейін, орта кезең 2030 жылға дейін және алыс қашық – 2030 жыл. Сарапшылар болашақтың қоғамын түзу барысында бүгінгінің түрлі трендтерін тізіп өтіп, пессимистік, реалистік және оптимистік сценарийлерін жасады.

Жалпы, сарапшылардың айтуынша, бүгінгі қоғам спортқа құштар, заманауи технологияны жетік меңгерген және өзгерістерге бейім жастардан құралған. Мәселен, «Global Futures Kazakhstan» ЖШС-нің ұйымдық даму жөніндегі сарапшысы Олег Мециктің айтуынша, бүгінгі қалыптасқан трендттердің пайдалысы да көп, қауіптісі де бар.

Бүгінгі трендтердің бірқатары патриотизммен байланысты. Отансүйгіш қазақстандықтар қалыптасып келеді. Қай жерде жүрсе де әлемге танымал отандастарымен мақтанатын, ұлтын сүйіп, рәміздерін қадірлейтін жастар көп. Сондай-ақ, білім беру жүйесінде де жаңа өзгерістер бар. Стандартты білім беру жүйесі ескіріп, бүгінде жеке бағдарлама бойынша ілім іздеген қазақстандықтар саны артып келдеді. Бұл жақсы үрді, - деді Олег Мецик.

Айта кетейік, форсайт «Рухани жаңғыру» қазақстандық қоғамдық даму институтының» қолға алуымен ұйымдастырылды. Зерттеу қорытындысы бойынша қазақстандық қоғамның дамуының 2030 жылға дейінгі Жол картасы жасалып, нақты қадамдар қолға алынады.


 


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...