Қазақстандық ғалымдарға Еуропалық ядролық зерттеу ұйымында жұмыс істеуге жол ашылмақ

19 Маусым 2019, 13:13
1652
Бөлісу:
Қазақстандық ғалымдарға Еуропалық ядролық зерттеу ұйымында жұмыс істеуге жол ашылмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер жөніндегі ұйым (CERN) арасындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты халықаралық ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы мақұлданды. 

Осы мәселе бойынша Энергетика министрі Қанат Бозымбаев баяндама жасады. Ол Қазақстандағы атом саласын технологиялық әлеуетті дамыту тұрғысынан перспективті салалардың бірі деп атап көрсетті. 

«Бұл – Қазақстанның ғылыми және индустриялық дамуының қозғаушы күші. Біздің ғылыми-техникалық адами әлеуетіміз қазіргі уақытта ядролық физика және қолданбалы зерттеулер саласындағы ең маңызды мәселелерді шеше алады. Қазақстан Ұлттық ядролық орталығының және Ядролық физика институтының ғылыми мекемелерінде үш атомдық зерттеу реакторы және басқа да ядролық қондырғылар жұмыс істеп тұр. Ядролық құзыреттілікті арттыруға күш-жігер салудың арқасында Қазақстан қазіргі уақытта іргелі және қолданбалы ядролық физика, ядролық және радиациялық технологиялар бойынша өз бетінше жұмыс атқара алатын елдер қатарында. Бұл біз үшін ең дамыған елдермен тең жағдайда жұмыс істеуге мүмкіндік береді», - деді Энергетика министрі.

Бозымбаев халықаралық ұйымдармен ынтымақтастық және жобаларға қатысу академиялық қоғамдастықтың күш-жігерін, ғылыми және білім әлеуетін біріктіруге жол ашатынын айтты. 

«Оған қатысушылардың ресурстары мен мүмкіндіктерін оңтайлы пайдалану арқылы қол жеткізіледі. Бұл мақсатта 2016 жылы ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен  Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымымен ынтымақтастықты дамыту бойынша жұмыс басталды. Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) – қарапайым бөлшектер физикасын зерттеу саласында әлемдегі жетекші ұйым. CERN-нің үлкен коллайдері – өзінің ауқымы мен күрделілігі бойынша бірегей инженерлік, ғылыми кешен. Жоғары энергиялар физикасы мен бөлшектер физикасы саласындағы табысты зерттеулерді көптеген ел ғалымдарымен бірлесіп қана жүргізуге болады. Яғни әлемдік ғылыми интеллектіні шоғырландыру қажет», - деді ведомство басшысы.

Қазіргі уақытта CERN-нің кеңес құрамында 23 ел бар. Оған қоса, кейбір елдер мен халықаралық ұйымдар бақылаушы ретінде қатысады. CERN-де 2400 жуық ғалым тұрақты жұмыс істейді, оған қоса әлемнің 113 елінің 580 университеті мен институтынан 10 мыңнан астам физиктер мен инженерлер CERN-нің халықаралық эксперименттеріне қатысып, уақытша жұмыс істейді. Сол себепті министр аталған ұйыммен ынтымақтастық орнату маңызды екенін айтты. 

«Біріншіден, ол ресурстарды басым бағыттарға шоғырлауға, яғни алдымен іргелі білім, кейін технологиялар бойынша болашаққа серпінмен жол бастауға мүмкіндік береді. Екіншіден, халықаралық жобалар аясында тұтас ғылыми кластерлер, толыққанды инновациялық инфрақұрылым қалыптасады. Бұл іргелі білімді жаңа технологиялар мен өнімдерге түрлендіруге, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландырумен айналысуға мүмкіндік береді. Осыған орай, CERN-мен ынтымақтастықтың құқықтық негізін құру мақсатында 2018 жылдың 29 маусымында Женева қаласында ғылыми-техникалық ынтымақтастыққа қатысты Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымы (CERN) арасындағы Келісімге қол қойылды», - деді Бозымбаев. 

Оның сөзінше, осы Келісімді ратификациялау ғылыми байланыстарды одан әрі нығайтуға жағдай жасайды. Қазақстанның ғалымдары, инженерлері, студенттері мен техникалық мамандары үшін ұзақ мерзімдік негізде CERN ғылыми-зерттеу жобаларына қатысуға жол ашады.


Өзгелердің жаңалығы