Қазақстанда жолдардың сапасын смартфон арқылы бағалау мүмкін болмақ

8 Тамыз 2019, 13:05
1877
Бөлісу:
Қазақстанда жолдардың сапасын смартфон арқылы бағалау мүмкін болмақ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда смартфон арқылы жол сапасына баға беруге болатын мобильді қосымша әзірленіп жатыр. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Парасаттылық департаментінің директоры Данияр Сабырбаев мәлімдеді. 

"Қыркүйекте жолдарға азаматтық баға беру жүйесін іске қосамыз. Әрбір смартфонды жол сапасының анализаторы ретінде пайдалануға болады. Телефонға арналған қосымша әзірлеп жатырмыз. Оны жүктеген соң ел ішінде көлікпен жүргенде телефон дірілі (вибрация) жол сапасын өлшейді. Бұл Қазақстанда жолдар сапасына азаматтық бақылау және мониторинг жасауды қамтамасыз ететін алғашқы жоба болмақ", - деді Сабырбаев.

Оның сөзінше алынған мәліметтер смартфоннан тікелей publicbudget.kz сайтына келіп түседі және болашақта мемлекеттік органдарға осы мәліметтерді жолдарды жөндеуге кететін шығыстарды жоспарлау кезінде пайдалануға мүмкіндік бермек.

"Телефоныңызда қозғалыс хабаршысына (датчик) жауап беретін акселератор бар. Жүрген кезде әр адымыңызды есептейді. Осы датчикті жол сапасын бағалау мақсатында қолдануға болады. Смарфоныңызды аспаптар панеліне қойып жүресіз. Жол жақсы болса телефоныңыз сол орнында тұрады. Егер жолда төмпешік немесе шұңқыр болса телефон дірілдейді. Жобаға көп адам қатысса, жол сапасына объективті баға бере аламыз. Адамдар жол сапасын көруі үшін датчиктердегі ақпарат бірден publicbudget.kz картасына түседі",- деді департамент директоры.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Protecting business and investments жобалық кеңсесінің жетекшісі Айдос Мамыт бизнес пен инвестицияларды сыбайлас жемқорлықтан қорғауға бағытталған шаралардың нәтижесін баяндады.
Өзгелердің жаңалығы