Бас жаңалықтар
Қазақстандағы президент сайлауы біз үшін де аса маңызды – ресейлік бақылаушы
09 Маусым 2019, 17:00 420

Қазақстандағы президент сайлауы біз үшін де аса маңызды – ресейлік бақылаушы

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстандағы президент сайлауы – ресейліктердің назарында. Бұған Қазақстанның Ресей үшін стратегиялық әріптес екені себеп. 9 маусым – ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына Ресей Федерациясынан келген бақылаушы Валерий Федоров осылай айтады. Ол таңғы сағат 7:00-ден бері Шымкенттегі 10-нан астам сайлау учаскесін аралап үлгеріпті.

Валерий Федоров бұған дейін Қазақстандағы екі сайлауға қатысқан. 2015 жылғы президент сайлауына және 2016 жылғы парламент сайлауында бақылаушы болған. Енді міне, ҚР президентінің кезектен тыс сайлауына РФ атынан халықаралық бақылаушы ретінде қатысып жатыр.

«Біз үшін Қазақстандағы президент сайлауы өте маңызды. Өйткені, Қазақстан біздің стратегиялық әріптесіміз. Ұжымдық қауіпсіздік келісімшарты ұйымына, Кедендік одақ және Еуразиялық экономикалық одақ құрамына кіреді. Қазақстанды 30 жылға жуық басқарған Нұрсұлтан Назарбаев - Ресейдің жақын досы әрі үлкен құрметке ие тұлға. Оның өз еркінен өкілеттігінен бас тартуы Ресей халқының назарын аударды. Мұндағы биліктің сабақтастығы, ұстаған бағытының тұрақтығы, елдегі тыныштық – ресейліктердің назарында. Сондықтан да бізге Қазақстан президентінің сайлауы әділ, объективті және заңды өтуі, халық өз таңдауын жасап, ел жаңа басшысына сеніп, өмір сүруі маңызды. Мен бүгін он шақты сайлау учаскесіне бардым. Барлық сайлау учаскесінде кандидаттар атынан бақылаушылары бар. Комиссия мүшелері сайлаушылардың таңғы 7-00 ден бастап емес, тек кейінірек түске қарай келіп жатқанын айтты. Мұның себебі де түсінікті. Өйткені, АҚШ-та қазақстандықтар үшін маңызды бокс кеші өтті. Соны тікелей эфирде көрсетті. Мен сайлау позитивті нотада өтетініне сенемін. Қазақстандықтар өз таңдауын жасап, мемлекеттің лигитимді президентін таңдайды», - дейді Валерий Федоров.

Айта кетсек, 9 маусым – ҚР президентінің кезектен тыс сайлауында Шымкентте 260 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Олардың 19-ы жабық сайлау учаскесі саналса, қалған 25 сайлау учаскесі жаңадан ашылған. Осы 260 сайлау учаскесіне 568 794 сайлаушы тіркелген. Сол 260 сайлау учаскесінің 113-інде тіркелген сайлаушылар саны 2500-3000 адам арасында болып отыр.



Фото: автордан
Загрузка...