Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 30 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу шаралары және отбасын нығайту жобаларының нәтижелері талқыланды.
Отырысты ашқан комиссия төрайымы Лаззат Рамазанова Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында қойылған міндеттерге тоқталды.
Мемлекет басшысы елдегі отбасылық-демографиялық ахуал әлі де маңызды алаңдаушылық туғызып отырған мәселе екенін атап өтті. Ұлттық комиссия отбасылық және гендерлік саясат мәселелерін жүйелі түрде шешудің нақты міндеттерін қойды. Олардың тиімді жүзеге асырылуы үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың жауапкершілігі, кәсібилігі және қызығушылығы қажет, - деп атап өтті Лаззат Рамазанова.
Соңғы үш жылда отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқық бұзушылықтардың саны 2,5 есеге артты (2017 ж. - 445, 2018 ж. - 919, 2019 ж. - 1052). Жағдайды биылғы пандемия мен карантиндік шаралар одан әрі қиындатты. Жыл басынан бері тұрмыстық құқық бұзушылық үшін 17 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 55 мыңнан астам қорғау бұйрықтары шығарылды. 7 мыңнан астам құқық бұзушының тәртібіне қатысты арнайы талаптар белгіленді.
Қазір Парламент Мәжілісі отбасылық және тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы екі заң жобасын қарастыруда. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын-алу субъектілерінің өкілеттіктерін, міндеттері мен жауапкершіліктерін нақтылауға, сондай-ақ ведомствоаралық ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік беретіні отырыста атап өтілді.
Ақпарат және қоғамдық даму минситрлігінің өкілдері Ұлттық комиссияға неке және отбасы институтын нығайтуға бағытталған әлеуметтік жобалардың нәтижелері туралы хабарлады. 2019 жылы еліміздің сегіз облысында отбасылық соттардың жанындағы 12 «Бақытты отбасы» атты отбасылық ресурстарды қолдау орталықтары іске қосылды. Ол жерден 2,5 мыңнан астам адам психологтың, заңгердің, медиатордың, медициналық және әлеуметтік қызметкердің, дағдарыс жағдайындағы маманның ақысыз кеңестерін алды. 2030 адам ажырасу мәселелері бойынша кеңес алды.
ÓNEGE жобасы аясында Қазақстанның тоғыз аймағындағы әлеуметтік қызметтер 1125 консультациялық қызмет көрсетті және 225 қиын өмірлік жағдайдағы отбасыларға қолдау көрсетті. Алты мыңнан астам маман мен жастарға тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу, отбасылық өмірге дайындық, репродуктивті денсаулық мәселелері, балалар мен жасөспірімдер арасындағы суицид пен бұзақылықтың алдын алу бойынша курстар өткізілді. «Адам құқықтарын қорғаушы» жобасы аясында барлық өңірлерде Жастар ресурстық орталықтарының негізінде «Қорғау» заңгерлік кеңес беру орталықтарының жұмысы ұйымдастырылып, ол жерден 19 мың адам ақысыз кеңес алған.
Отырыс соңында Лаззат Рамазанова мемлекеттік органдарға бірқатар нақты ұсыныс берді.