Бас жаңалықтар
Қазақстанда 3 жылда 32 ақылы жол пайда болады
19 Шілде 2019, 17:09 238

Қазақстанда 3 жылда 32 ақылы жол пайда болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Алдағы 3 жылда ел аумағында 32 ақылы жол пайда болады. Бұл туралы бүгін «QazAvtoJol» ұлттық компаниясының«Ақылы автомобиль жолдарының дирекциясы» филиалының директоры Асхат Оқасов айтты.

«Бүгінгі таңда елімізде жалпы ұзыныдығы 682 шақырымды құрайтын 4 ақылы жол бар. Бұл «Нұр-Сұлтан-Щучинск» (211 шақырым), Нұр-Сұлтан-Теміртау (134 шақырым), Алматы-Қапшағай (42 шақырым), Алматы-Қорғас (295 шақырым) автожолдары. Жол ақысы төлем қабылдаудың автоматты жүйесінің көмегімен жүзеге асады. Жүріп өткен жол туралы ақпарат бақылау аркаларындағы жабдықтар арқылы тіркеліп, төлемдер учаскеден шыққан кезде, төлем қабылдау пункттерінде қабылданады. Әр учаске бірнеше аймақтарға бөлінген, төлемдер әр аймақ бойынша есептеледі. Олардың мөлшері арнайы мемлекеттік уәкілетті органның бекітілуімен анықталған. Мөлшерлеменің көлемі көліктің түріне, жүк көтеру көрсеткішіне байланысты. Алдын-ала «онлайн» төлем жасаған жеңіл автокөліктер үшін жол ақысы қолма-қол төлеммен салыстырғанда 2 есе арзан. Жүк көліктері үшін төлемақының мөлшері өзгеріске ұшыраған жоқ», - дейді Асхат Оқасов.


Оның айтуынша, алдын-ала төлем жасау төлем қабылдау пунктіндегі уақытты үнемдейді. Тұтынушылардың қолайлығы үшін 20-ға жуық төлем қабылдау әдістерін енгізген. Сондай-аө автокөліктері ақылы жолдардың бойындағы елді мекендерде тіркелген азаматтар үшін арнайы абонемент қарастырылған.

«Бір жылдық абонементтің құны – 1000 теңге. Аталмыш абонемент арқылы 365 күн мерзімінде ақылы жолда тегін жүруге рұқсат беріледі. Абонементті алу үшін төлем қабылдау пукнтінде өтініш жазу керек. Жүргізушілердің қолында жеке куәлік пен автокөліктің техникалық құжаты болуы тиіс. Алдағы 2-3 жыл ішінде ақылы автожолдардың желісін ұзындығы 11 мың шақырым құрайтын, 32 учаскеге дейін кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Бүгінгі таңда конкурстық процедуралар дайындалуда. Төлем қабылдаудың ашық жүйесін енгізу жоспарланған. Яғни төлемдер алдын-ала әдіс бойынша қабылданады, алайда шлагбаумдар мен төлем қабылдау пункттері болмайды.Ақылы автожолдардан түскен қаражаттың барлығы аталмыш жолдарды және төлем қабылдау жүйесін күтіп ұстауға жұмсалады», - дейді филиал директоры.  


Фото: дереккөз

Сізден жаңалық