Бас жаңалықтар
Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына қосылды
15 Қазан 2019, 23:51 296

Қазақстан сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына қосылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еуропа кеңесінде Қазақстанның сыбайлас жемқорлықпен күресетін мемлекеттер тобына (СЖКМТ) қосылу келісіміне қол қою рәсімі өтті. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінен хабарлады.

Айта кетейік, Қазақстан Республикасының президенті 2019 жылы 27 тамызда тиісті Жарлыққа (№139) қол қойған болатын.

СЖКМТ – 1999 жылы Еуропа кеңесінің бастамасымен құрылған, оған Қазақстанға дейін Австрия, АҚШ, Ұлыбритания, Германия, Франция, Нидерланды, Норвегия, Швеция, Финляндия сияқты 49 мемлекет кірген. Пост–кеңестік кеңістіктегі мемлекеттер арасынан Әзербайжан, Армения, Беларусь, Грузия, Ресей, Украина және Эстония мүше.

Ұйымның алдына қойылған екі басты міндеті – мүше мемлекеттерде сыбайлас жемқорлықпен күрес тәсілдерін жетілдіру және сыбайлас жемқорлық жағдайларын анықтау және алдын-алу саласындағы оң тәжірибемен алмасудың базасын жасау.

Қазақстан жағынан шараға Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаев қатысты. Еуропа кеңесінен бас хатшының орынбасары Габриэлла Баттаини-Драгони қатысып, Қазақстанның сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын іске асырудағы біршама ілгерілеушілігі мен оның бастапқы ұсыныс берген сәтінен бастап орын алған оң өзгерістерін атап өтті.

"Мен Қазақстанның жетістіктерімен және СЖКМТ мүше мемлекеттерімен тиімді ынтымақтасуға дайындығын мақтан етемін. Біз келесі қадамдарды, соның ішінде Сіздің елдің сыбайлас жемқорлық үшін қылмыстық жауапкершілік туралы Конвенцияға қосылуын тағатсыздана күтемін", - деді ол.

Алик Шпекбаев Қазақстанның Еуропа кеңесімен және оның құрылымдарымен оның мүшесі болмай тұрып, 1997 жылдан бастап ынтымақтастық орнатқанын мәлімдеді.

"Біз ерекше қызығушылық тудыратын мәселелер бойынша Кеңестің мүше мемлекеттерімен бірлесіп жұмыс істеуге мүмкіндік беретін бірқатар кеңейтілген келісімдерге қатыса аламыз", - деп атап өтті ол.

Айта кетейік, Қазақстан 2012 жылдың наурыз айынан бастап құқықтық демократия үшін Еуропалық комиссияның (Венеция комиссиясы) қатысушысы.




Фото: дереккөз
Загрузка...