Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетіледі

26 Маусым 2019, 11:06
1586
Бөлісу:
Қазақстан-Ресей шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Шекара маңында тұратын қазақстандықтар үшін Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі жеңілдетіледі. Бүгін Мәжіліс сәйкес құжатты мақұлдады.

Мәжіліс депутаттары «2006 жылғы 3 қазандағы ҚР Үкіметі мен РФ Үкіметі арасындағы ҚР және РФ-ның шекара маңындағы аумақтары тұрғындарының Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасын кесіп өту тәртібі туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» ҚР Заң жобасын мақұлдады.

Заң жобасын Сыртқы істер министрі Бейбіт Атамқұлов таныстырды.

«Екі ел арасындағы шекара 7500 км-ден асады және ол әлемдегі ең ұзын шекара саналады. Қазіргі уақытта Қазақстан-Ресей шекарасында 51 өткізу бекеті бар. Олардың 30-ы автокөлік, 20-ы теміржол және біреуі өзен арқылы өтеді. Сонымен бірге шекара маңындағы тұрғындарға арналған 86 өту бекеті жұмыс атқаруда. Қазақстанның ішкі заңнамада азаматтарды тіркеу кітабының күшін жоюына және мекенжай анықтамасын енгізуіне орай 2006 жылғы келісімге тиісті өзгерістер енгізудің қажеттілігі туындады. Бұл өзгерістер 2018 жылы 9 қарашада қол қойылған хаттамамен енгізілді. Қазіргі уақытта ауылдық аумақтардың интернет желісін қолдану арқылы мекенжай куәлігін беретін мүмкіндігі бар. Осыған байланысты бұл хаттаманы қабылдау Қазақстан-Ресей мемлекеттік шекарасының маңындағы аумақтарда тұратын Қазақстан азаматтарының өту үдерісін жеңілдетуге және тәртіпке келтіруге мүмкіндік береді», - деді Бейбіт Атамқұлов Мәжілістің жалпы отырысында.

Министрдің айтуынша, мекенжай анықтамалары мерзімсіз болады әрі алдағы уақытта бұндай анықтаманың белгілі бір үлгісі пайда болады. Бұған қоса, мобильді ХҚКО-лар көптеп жұмыс атқаратын болады.

Бұған дейін жалпы отырыста Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин «баршамыздың ниетіміз – Арыс қаласының тезірек қалпына келіп, тұрғындар жағдайының тезірек жақсаруы» деген еді.

Өзгелердің жаңалығы