Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Румынияның Константа қаласында армрестлингтен 41-ші әлем чемпионаты өтті. 54 мемлекеттен 1400 спортшы қатысқан байрақты бәсекеде ел намысын 146 спортшы қорғады.
Жарыстың алғашқы күні жастар мен жасөспірімдер арасында ел құрамасы 32 алтын, 22 күміс, 19 қола жүлде иеленді. Жалпы командалық есепте Ресей мен Грузияны артқа тастап бірінінші орынға шықты.
Ардагерлер мен мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасындағы бәсекеде де қазақстандық қол күрес шеберлері қарсыластарына дес бермеді. Мүмкіндігі шектеулі спортшылар арасында еліміз 8 алтын, 7 күміс, 11 қола жүлдені жеңіп алды. Ал ардагерлер арасында отандастарымыз 3 алтын, 2 күміс, 2 қола жүлдеге ие болды.
Жарыстың шешуші кезеңі ересектер арасында өтті. Спортшыларымыз ел қоржынына 8 алтын, 9 күміс, 11 қола медаль салып, ерлер құрамасы бірінші орыннан көрінді.
Қазақстан құрамасы 51 алтын, 40 күміс, 43 қола жүлдемен жалпы есепте екінші орын алды. Бірінші орынды Ресей Федерациясы иеленсе, үздік үштікті Грузия спортшылары қорытындылады.