Қазақстан Оңтүстік Кореяның экспорттық бақылау тәжірибесін қабылдайды

20 Маусым 2019, 21:35
1553
Бөлісу:
Қазақстан Оңтүстік Кореяның экспорттық бақылау тәжірибесін қабылдайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. 2019 жылы 19-20 маусымда Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мен Корея арасындағы экспорттық бақылау мәселелері бойынша семинар өтуде. Бұл туралы ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Бұл – Қазақстанның мемлекеттік органдары мен сауда және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі Корей агенттігі арасында ұйымдастырылған стратегиялық тауарларды басқару жөніндегі экспортты және шекаралардың қауіпсіздігін қадағалау жөніндегі бағдарламаның үшінші алмасуы.

Алмасудың негізгі мақсаты – стратегиялық тауарларды басқарудағы сауда және өнеркәсіптік қауіпсіздік жөніндегі Корей агенттігінің тәжірибесін зерделеу, оның ішінде электрондық лицензиялау, өнеркәсіп кәсіпорындарында ішкі экспорттық қадағалау әдістерін енгізу, тәуекелдерді басқаруға оқыту, сондай-ақ Корей агенттігі үшін Қазақстанның экспорттық бақылау жүйесін жақсарту жөніндегі реформалармен танысу болып табылады.

Семинарға ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов, ҚР ҚМ Мемлекеттік кірістер комитеті төрағасының орынбасары Өмірзақ Бейспеков, Корея Республикасының сауда және өнеркәсіп қауіпсіздігі агенттігінің Президенті Сун Джа Бэнг, Қазақстан Республикасындағы АҚШ елшісінің орынбасары Теодор Линг және басқалар қатысты.

Өзінің құттықтау сөзінде ҚР ИИДМ Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Қанат Баитов Қазақстан-Корей ынтымақтастығы Корея Республикасы Үкіметінің қолдауымен және АҚШ Мемлекеттік департаментінің «Экспорттық бақылау және шекаралардың қауіпсіздігі» бағдарламасына тікелей қатысуының арқасында 2017 жылы басталғанын атап өтті. 2017 және 2018 жылдары жаппай қырып-жою қаруын таратпау және экспорттық бақылау мәселелеріндегі озық тәжірибені зерделеу мақсатында қазақстандық мамандардың Корея Республикасына екі сапары жүзеге асырылды. Алынған тәжірибе әзірленіп жатқан «Экспорттық бақылау туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы және оған ілеспе заң жобасы шеңберінде пайдаланылады. Қазақстанда құрылған экспорттық бақылау жүйесі екіұдай және әскери мақсаттағы тауарларды бақылауды жеткілікті дәрежеде жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

20 маусымда Кореяның сауда және өнеркәсіптік қауіпсіздік агенттігі Н. Назарбаев атындағы Халықаралық әуежайды аралауды және әуежай мен «Астана-кедендік ресімдеу орталығы» еркін экономикалық аймағында Қазақстанның стратегиялық тауарларын басқарудың практикалық тұрғыдан іске асуын көруді жоспарлап отыр.

Өзгелердің жаңалығы