Қазақстан мен Әзербайжан арасында автокөлікпен жүк тасымалдау артып келеді

24 Маусым 2020, 16:58
1147
Бөлісу:
Қазақстан мен Әзербайжан арасында автокөлікпен жүк тасымалдау артып келеді

Алматы, BAQ.KZ. Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов Әзербайжан Республикасының Көлік, байланыс және жоғары технологиялар министрі Рамин Намиг оглы Гулузаде телефон арқылы сөйлесті. 

Тараптар көлік тасымалы, жүк транзиті, әуе қатынасы сияқты салалардағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы туралы ақпарат алмасты. Коронавирус пандемиясының таралуына қарсы енгізілген уақытша шектеу шараларына қарамастан теміржол және автомобиль көлігімен жүк тасымалы көлемі артқан. 
Өткен жылы Қазақстан мен Әзербайжан арасында автокөлікпен жүк тасымалдау көлемі 22 мың тоннаны құрады. Қазақстан темір жолымен жүк транзитінің көлемі 38,66 мың тоннаны құрап, 32% артты. Былтыр сәуір айында Ақтау-Баку фидерлік желісінің ашылуы арқасында контейнерлік тасымал көлемі 14,7 мың ЖФБ-дан 24,8 мың ЖФБ-ға дейін өсті, - делінген хабарламада.
   
Коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу мақсатында бүгінгі таңда Ақтау және Құрық теңіз порттары арқылы жолаушылар тасымалына уақытша тыйым салынғанын айту керек. Бірақ, оның Отанға оралатын Қазақстан азаматтарына қатысы жоқ. Ал жүк тасымалы штаттық режимде орындалуда. Биылғы 6 айда тасымал көлемін 1 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланып отыр. Бұл өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 17% көп. 

Сондай-ақ тараптар елдердегі және әлемдегі эпидемиологиялық жағдайға қарай екі ел арасындағы әуе қатынасын үстіміздегі жылдың 1 тамызынан қайта бастау туралы мәселені қарастыруға келісті. Қазіргі келісімдерге сәйкес әр тарапқа аптасына 16 жолаушы және жүк рейсін орындауға рұқсат етілген.   

Еске сала кетейік, коронавирус пандемиясына байланысты шектеу шаралары енгізілгенге дейін қазақстандық әуе компаниялары  ("Эйр Астана", "SCAT") аптасына 13 рейс жасап келді. Ал Әзербайжанның әуе компаниялары  ("АZAL", "Silk Way West") аптасына 5 рейс орындайтын.
Өзгелердің жаңалығы