Қазақстан мен Тәжікстан арасындағы көші-қонды реттейтін заң қабылданды

17 Қаңтар 2019, 10:41
2803
Бөлісу:

Астана, BAQ.KZ тілшісі. Парламент Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы көші-қон саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы қабылданды. 

«Бұл келісімге 2018 жылы наурызда Астана қаласында қол қойылды. Келісімді ратификациялау жағдайында көші-қон ағымдарын реттеу мен азаматтық мәселелерді шешу үшін қолайлы жағдай жасалады. Құжат бірқатар бағыт бойынша ақпарат алмасуды көздейді. Осы орайда, статистикалық, құқықтық және ғылыми-әдістемелік ақпарат, тараптағы мемлекеттер аумақтарындағы елдер азаматтары туралы мәліметтер ескеріледі. 2018 жылғы шілдеде келісім Тәжікстан Парламетінмен ратификацияланған», - деді ҚР Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Сондай-ақ, отырыста «Қазақстан Үкіметі мен Тәжікстан Үкіметі арасындағы Қазақстан азаматтарының Тәжікстан аумағында және Тәжікстан азаматтарының Қазақстан аумағында болу тәртібі туралы келісімді ратификациялау туралы» ҚР заң жобасын қабылдады.

«Келісімге 2018 жылы 14 наурызда Астана қаласында қол қойылды. Келісім азаматтардың екі тарап аумағында 30 күнге дейін тіркеусіз және тараптар аумағында жалпы 90 күн болуын көздейді. Келісімді ратификациялау тараптар аумағындағы азаматтардың болу мәселелерін құқықтық реттеуге мүмкіндік береді. 2018 жылы шілдеде келісім Тәжікстан парламентімен ратификацияланған. Осы заңды қабылдау әлеуметтік-экономикалық және құқықтық теріс салдарға әкеп соқпайды», - деді Қасымов. 

Атап өтсек, 2018 жылдың соңында Қазақстан мен Тәжікстан астаналары арасында тікелей әуе рейсі ашылған болатын.
Қымбат Елтайқызы
Өзгелердің жаңалығы