Қазақстан Елшісі Иран президентіне сенім грамотасын тапсырды

3 Ақпан 2019, 11:52
2466
Бөлісу:
Қазақстан Елшісі Иран президентіне сенім грамотасын тапсырды

Астана, BAQ.KZ. Иран Президентінің Сарайында Қазақстан Республикасының жаңадан тағайындалған Елшісі Асxат Оразбайдың Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханиге сенім грамоталарын тапсыру салтанатты рәсімі өтті. 

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Сұxбат барысында Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты және көпжақты форматтағы өзара тиімді ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен оны жандандыру мәселелері талқыланды.

Елші А. Оразбай Иран Президентін Елбасымыздың бастамасымен Қазақстанның саяси әрі экономикалық өркендеуі, халқымыздың әл-ауқатын арттыру, сондай-ақ әлемде бейбітшілікті нығайту бағытында атқарылып жатқан маңызды шаралармен таныстырды. Оған қоса, екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени байланыстарды одан әрі дамыту бойынша пікірлерімен бөлісті.

Өз кезегінде, Х. Рухани Иран Қазақстанның тәуелсіздігін бірінші мойындаған мемлекеттер қатарында болғанын және осы уақыттан бері екіжақты ынтымақтастық достық сипатта дамып келе жатқанын мәлімдеді. Өзінің Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен орнатқан тығыз байланысы екіжақты және аймақтық мәселелер бойынша жақсы ықпалдастық жасауға мүмкіндік беріп отырғанын айтты. 

ИИР Президенті еліміздің сыртқы саясаттағы бастамалары аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті сақтауға ерекше үлес қосып отырғанын, оның аясында Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі мәселені шешу және Сириядағы жанжалды реттеу бойынша Қазақстанда өткен келіссөздердің нәтижелі болғанын атап өтті.

Қазақстан Елшісі Иран президентіне сенім грамотасын тапсырды

Х. Рухани екіжақты ынтымақтастықтың әлеуеті зор екендігін, Қазақстан мен Иран Каспий теңізі арқылы тікелей және Түрікменстан арқылы темір-авто жолдармен байланыс жасай алатынын айтты. Осы орайда, көлік-транзит және ауыл шаруашылығы салаларындағы ынтымақтастықты жандандыру екі елге де тиімді болатынын хабарлады. 

Оған қоса, тарихи және мәдени байланыстар қазір де өз жалғасын тауып отырғанын, оның айқын мысалы ретінде Наурыз мерекесін келтірді.

ИИР Президенті Х. Рухани Н. Назарбаевқа достық жылы сәлемін жолдады және Қазақстан Президентін Иранда сапармен келуін күтетінін мәлімдеді.

Өзгелердің жаңалығы