Қазақстан Қарулы күштері әскери барлаушылар күнін атап өтті

5 Қараша 2019, 23:11
2348
Бөлісу:
Қазақстан Қарулы күштері әскери барлаушылар күнін атап өтті

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еліміздің Қарулы күштерінде әскери барлаушылар күнін атап өтті. 27 жыл толуына орай әскери бөлімдерде шаралар өткізіліп, осы саладағы үздіктер анықталды, деп хабарлады ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.

Ведомствоның мәліметінше, әскери барлаушылардың негізгі мақсаты – әрекеттегі немесе болжамды қарсылас туралы, оның әскери ресурстары мен жауынгерлік мүмкіндіктері, әлемдегі әскери ахуал жайындағы мәліметтерді алу және өңдеу бойынша кешенді шараларды орындау.

Әскери барлаушылар ұлттық мүддені қорғап, еліміздің қорғаныс қабілетін нығайтуға айтарлықтай үлестерін қосуда. Жыл сайын олардың жұмыс істеу әдістері мен тәсілдері дамуда, алайда негізгі мақсаты өзгерген жоқ.

Қазақстан Қарулы күштері арнайы бөлімшесінің әскери қызметшілері тұрақты түрде халықаралық жарыстар мен оқу-жаттығуларға қатысу арқылы өздерінің жауынгерлік дағдыларын жетілдіріп, өздерінің кәсібилігін дәлелдеуде. Соңғы бірнеше айда Қазақстанның арнайы бөлімшелері "Алтын үкі-2019" халықаралық жарысына, "Ыстықкөл – Аңырақай-2019", "Достарым-2109", "Түлкі аулау-2019" сынды оқу-жаттығуларға қатысты, - делінген хабарламада.
Жүктелген міндеттерді шешу үшін барлау телекоммуникациялық, ақпараттық және ғарыштық технологиялар саласындағы соңғы әлемдік жетістіктер негізінде құрылған заманауи техникалық құралдармен жабдықталған.

Әрқашанда әскери барлау мемлекет тағдырында маңызды рөл атқарып, ұлттық мүдденің сенімді қорғаушысы болды. Ол тарих беттерінде өзінің бейнесін өзгертсе де, өзінің жауынгерлік мақсатын сақтап қалды.


Өзгелердің жаңалығы