Қазақстанға ұлттық мектеп қажет – Ұлттық кеңес

27 Мамыр 2020, 12:28
1361
Бөлісу:
Қазақстанға ұлттық мектеп қажет – Ұлттық кеңес

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Мемлекет басшысының қатысуымен Ұлттық кеңестің үшінші отырысы онлайн режимінде өтіп жатыр. Отырыста еліміздегі білім беру мәселелері талқылануда.

Отырыс барысында Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің мүшесі, қоғам қайраткері Рауан Кенжеханұлы Қазақстанда ұлттық мектеп үлгісін жасауды ұсынды. 
Еліміздің білім беру салаларында жүріп жатқан өзгерістер негізінен халықаралық талаптарды ескеріп, нақты ғылымдар мен технология, ағылшын тілін оқыту бағыттарына басымдық берді. Сөзсіз, бұл - өте маңызды және қажет. Дегенмен, білім берудің әлемге ортақ стандарттары, халықаралық ұйымдардың PISA секілді білім сапасын ортақ бағалау құралдары және ол ұйымдардың ақыл-кеңестері сайып келгенде, әлемдік нарыққа әмбебап маман дайындауға, Қазақстан секілді елдердің қабілетті деген балаларын дамыған елге тартуға, жалпы алғанда, әлем азаматтарын тәрбиелеуге бағытталғаны айдан анық, - деді ол.

Рауан Кенжеханұлының айтуынша, әлем азаматы рухында білім мен тәрбие алған бала Қазақстанның нағыз жанашыры болып өсуі екіталай. 
Сондықтан, Қазақстанға ұлттық мектеп үлгісі қажет. Нақты ғылымдар, технология, ағылшын тілімен қатар, тіпті одан бұрын қазақ тілі мен әдебиеті, Қазақстанның тарихы мен өлкетануы, ұлт өнері мен дәстүрін озық әдістеме негізінде жаңаша оқытатын, сол арқылы әлем азаматы емес, бірақ әлемнен хабары бар Қазақстан азаматын тәрбиелейтін ұлт мектебінің үлгісін жасауды ұсынамыз. Мұндай мектептің бағдарламасын құрастыруға Кеңеске мүше азаматтар да үлес қосады деп ойлаймыз. Өзіміз де оған белсене араласуға дайынбыз, - деді ол.

Естеріңізде болса, бұған дейін Ұлттық кеңес мүшесі білім алуда бір ауысымды мектептердің маңыздылығын атап өткен болатын.



Өзгелердің жаңалығы