Әз Наурыз: Павлодар облысында «Жеті атаңды біл» зияткерлік сабақтары басталды

19 Наурыз 2021, 19:06
1803
Бөлісу:
Әз Наурыз: Павлодар облысында «Жеті атаңды біл» зияткерлік сабақтары басталды
Фото: автордан

Павлодар, BAQ.KZ тілшісі. Павлодар облысында Наурыз мейрамын атап өту концепциясына орай ұрпақ тәрбиесіне бағытталған шаралар легі ұйымдастырылуда.

Мәселен, «Шежіре» күні шеңберінде аймақта «Жеті атаңды біл» тақырыбында зияткерлік сабақтары бастау алды. Қоғам белсенділерінің мұрындық болуымен алғашқы кездесу Мәшһүр Жүсіп орталық мешітінің медресе шәкірттерімен өтті. 

Бүгінгі таңда медреседе 30 шәкірт білім алуда. Наурыз мерекесі қарсаңында жастар аға буын өкілдерімен кездесіп, Жеті атаның қадірі турасында әңгіме өрбітті. 

Қоғам белсендісі, кәсіпкер Қобланбек Қожиннің айтуынша, заман өзгерсе де, ұлттық құндылықтар мәңгілікке сақталады. Сондықтан, балалар ата-баба дәстүрін санаға құйып, жақсы білуі шарт. 

Әз Наурыз: Павлодар облысында «Жеті атаңды біл» зияткерлік сабақтары басталды

Ата-бабаларымыз жеті атадан бері қыз алысып, беріспеген. Мақсаттары - қанның тазалығын сақтау. Әр рудың, әр тайпаның шежіресі бар. Бұл дәстүрді сақтаудың тиімділігін генетиктер де мойындаған. Бүгінгі жастар - ертең елге қызмет ететін азаматтар. Болашақта депутат, әкім болып, еңбек етуі мүмкін. Ал ата салтын таптамай, бойына сіңірген ұрпақ тәрбиелесек, ұтарымыз көп болмақ, - дейді Қобланбек Қожин. 

Шара аясында салт дәстүрлерді ұлттық тағам арқылы насихаттау мақсатын көздеген игі істер атқарылды. Мәселен, «Жас Отан» жастары әпке-әжелерден бауырсақ әзірлеуді үйреніп, ұлттық тағамды аз қамтамасыз етілген отбасыларға таратты. 

Нан - ең қадірлі ас. Біз баурысақтың бірнеше түрін пісірдік. Қыз-келіншектерге тағамды дайындауды үйреттік. Болашақта осы тектес шаралар тұрақты ұйымдастырылып тұрады, - дейді жас белсенді Санира Жүсіпова. 

Қоғам белсенділері игі жұмыстарын Наурыз мейрамы аясында ғана өткізбейді. Алдағы уақытта медресе шәкірттері, мектеп оқушылары мен үкіметтік емес ұйым өкілдерімен де кездесулер өткізілмек.
 


Өзгелердің жаңалығы