Қайырымды кәсіпкер

22 Маусым 2020, 16:08
2145
Бөлісу:
Қайырымды кәсіпкер

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Глубокое ауданының Солнечное кентіндегі шаруашылық соңғы төрт жылда жарты миллион теңгеден астам қаражатты қайырымдылыққа жұмсаған.

Бұл туралы аудан тұрғындарымен есеп беру кездесуін өткізген "Ауыл" партиясы атынан сайланған облыстық мәслихаттың депутаты, "Опытное хозяйство масличных культур" ЖШС директоры Фарид Абитаевтың өкілдері хабарлады.

Аталған жылдар ішінде мәслихат депутаты тарапынан  әлеуметтік мәселелерді көтерген 90-нан астам депутаттық сауал жолданып, басым бөлігі шешімін тапқан. Сондай-ақ 106 азамат халық қалаулысының қабылдауында болып, тұрғындармен қырыққа жуық кездесу өткізілген. Нәтижесінде, өтініш білдіргендердің 90 пайызының мәселелері оңды шешілді, - деді ауыл тұрғындарымен кездесу барысында сөз сөйлеген халық қалаулысының көмекшісі Николай Козлов.

Қоса кетсек, бүгінде Фарид Абитаев басқарған шаруашылықта 364 адам еңбек етуде. Сиыр асырап, сүт саууды кәсіп еткен шаруа қожалығында ірі қара саны 3,6 мыңнан асып жығылады. Алдағы уақытта бұзау бағатын қора, сүт-тауарлы фермалар, мал азығын дайындайтын, май сығатын цехтар, сүт өңдейтін зауыт салуды көздеп отырған қожалық, аудан үшін қажетті әлеуметтік нысандарды салуға да атсалысуда. Атап айтсақ, шаруашылық ауылға мектеп пен балабақша салып беріп, ауыл жанындағы көл маңын абаттандырып, халыққа жайлы демалыс жағдайын жасамақ ниетте.
Өзгелердің жаңалығы