Бас жаңалықтар
Айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың үш томдық шығармалары жарық көрді
28 Қыркүйек 2021, 18:14 287

Айтыскер ақын Оразалы Досбосыновтың үш томдық шығармалары жарық көрді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Ұлттық кітапханада қазақ айтыс өнерінің оғыланы Оразалы Досбосыновтың үш томдық шығармалар жинағының тұсаукесері өтті.

Кітап Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті қабырғасында құрылған Оразалы Досбосынов атындағы ақындар орталығының жинақтауымен жарыққа шыққан. Сондай-ақ кітап университеттің «Ұлағат» баспасынан 100 данамен жарық көрді. 

Оразалы Досбосынов атындағы ақындар орталығының жетекшісі Шұғайып Сезімхан кітапқа Ораздың айтыстары мен ақын туралы жазылған арнаулар, ғылыми мақалалар енгенін айтады.


Бірінші том толықтай Оразалының айтыстары. Екінші томы жартылай айтыс, жартылай өзі жазған өлеңдері енді. Үшінші томы Ораз туралы естеліктер, оның ішінде Нұрлан Оразалиннің, Жүрсін Ерманның, Бақыт Беделхан, Бақыт Жағыпаровтың жазбалары бар. Сондай-ақ Ораз туралы өлеңдер, ықшамдалған ғылыми мақалалар енді. Бұған дейін Оразалы жайында «Қос жұлдыз» деген кітап жарық көрген, одан да біраз дүние алдық, - дейді ол. 
Кітапты құрастырушылар Оразалының интернетте жүрген айтыстарынан бөлек басқа да жазып алынған айтыстарын іздегендерін жеткізді. 
Қазіргі «Тәлім» телеарнасынан ақынның біраз айтысын таптық. Сондай-ақ Оңғар деген Оразалының ағасының жинап жүрген біраз айтыстарының аудиолары бар екен, бұрынғы магнитофонның кассеталарына жазып алыпты. Онда Қуаныш Мақсұтовпен, Анар Жаппарқұловамен айтысы бар, сосын Қытайдағы біраз айтыстары табылды. Сондай-ақ Ораздың өз қолымен жазған бір өлеңін содан таптым. Өстіп жан-жақтан жиналған материалдан үш томдық кітап етіп құрастырдық, - дейді Сезімхан.
100 данамен шыққан кітап қазірдің өзінде бітуге таяу қалған. Сұрастырушылар қатары көп болғандықтан, кітапты құрастырушылар алдағы уақытта өз қаржыларына тағы біраз данасын бастырмақ ойда.

Оқырманға жол тартқан кітаптың тұсауын ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, «Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің Халықаралық одағы» РҚБ Басқарма төрағасы, ақын Жүрсін Ерман, Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі проректор Мақтағали Бектемесов, Қазақстан Жазушылар одағы басқарма төрағасының орынбасары, «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Б.Беделхан, «Балдырған» журналының бас редакторы Дүйсен Мүсірәліұлы кесті. 

Жиын барысында Шорабек Айдаров, Серік Қалиев, Ахмеджан Өзбеков, Бауыржан Халиолла, Ринат Зайытов сынды ақындар Оразалы жайлы естеліктер айтты.


Фото: дереккөз
Загрузка...