Елде саяси реформаларға деген үміт пайда болды – саясаткер

13 Маусым 2020, 13:31
3022
Бөлісу:
Елде саяси реформаларға деген үміт пайда болды – саясаткер

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан президенті болып сайланғанына бір жыл толды. Нақты айтсақ, 2019 жылы 9 маусым күні кезектен тыс өткен президент сайлауында Тоқаев 70 пайыздан аса дауыс жинап, жеңіске жеткен еді. Бір жыл ұзақ уақыт емес, дегенмен президент осы аралықта қандай іс атқарды, күрделі кезеңдерде қалай әрекет ете білді, деген сауалды саясаттанушыларға қойған едік.

Саясаттанушы Ерлан Саировтың айтуынша, Тоқаевтың президенттігі Қазақстан қоғамы мен ел дамуының өте күрделі кезеңіне тап келген. Өйткені дәп сол кезде Қазақстан қоғамының демократиялы плюрализм, әлеуметтік әділдікке деген сұранысы көбейген.

Осындай күрделі кезеңде Қазақстан Республикасының басшылығына Қасым-Жомарт Тоқаев келді. Ол билікке келісімен Түркістанда сөйлеген сөзінде елдегі әлеуметтік әділдік мәселесіне көңіл аударатынын мәлімдеді. Осының өзі билік пен халық арасындағы диалогтың болатынына үлкен үміт әкелді. Кейін президент иннагурациясы кезінде Тоқаев әлеуметтік әділеттілікпен бірге еліміздегі саяси процестерді ілгерілету, экономикада реформа жасау мәселесін жан-жақты талқылады. Ең бірінші қадамы Қоғамдық сенімнің ұлттық кеңесін құруы болды. Бұл еліміздегі саяси процестерді жаңғыртып, саяси реформа жасаудың алғышарты болды. Сонымен бірге әлеуметтік жағдайы төмен азаматтардың кредитін кешіру мәселесін көтерді. Сол кезде елімізде жағдайы нашар 500 мыңнан астам адамның әлеуметтік жағдайына жақсы әсер етті. Сонымен қатар, Қазақстан халқына Жолдауында экономика, әлеуметтік және құқық қорғау саласын реформалаудың жаңа моделін ұсынды, - дейді ол.

Сонымен қатар, ол Қасым-Жомарт Тоқаев елде орын алған кейбір мәселелерде жылдам әрі дұрыс қадамдар жасай білгенін айтты. Оның бірі пандемия кезінде дер кезінде карантин жариялап, Төтенше жағдайды енгізгені дейді.

Осының нәтижесінде басқа елдерге қарағанда бізде коронавирустың таралуы төмен. Сонымен бірге осы карантин кезінде халыққа қолдау көрсетілді. Халыққа ақшалай және азық-түлікпен көмек берілді. Одан бөлек кредитін төлеуді кейінге шегеріп, әлсіз топқа жататындардың коммуналдық төлемдерін мемлекет өзі өтеді. Бұл мемлекеттің қамқоршы деңгейіне жеткенін көрсетті. Сондай-ақ, осы пандемия елімізде президент институтының қажет екенін, ол мемлекеттің жан-жақты дамуының басты күші екенін көрсетті, - дейді Ерлан Саиров.

Сөз арасында ол Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік әділдіктен бөлек, тарихи әділдік орнатуды көтеріп отырғанын жеткізді.

Жалпы Тоқаевтың қадамдары өте дұрыс. Бұл кісі таяуда тарихи әділдік орнатуды көтерді. Яғни репрессия құрбандарын ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы тапсырма берді. Сондықтан президенттің бағыты дұрыс екенін баса айту керек,-дейді ол.

Қиындыққа толы жыл

Саясаттанушы Расул Жұмалы осы бір жыл Қасым-Жомарт Тоқаевтың президент ретінде орнығып, мәлімдемелер жасаған маңызды жыл болғанын айтады.

Әлемде алғашқы жүзкүндік деген ұғым бар. Алғашқы жол деген бар. Ол Америка, Еуропада қолданылатын тәжірибе. Осы бір жыл сындарлы маңызды әрі қиындыққа толы жыл болды. Бұл қиындықтар көптеген жылдан бері қордаланып, шешімін таппай келген проблемалар. Олар әлеуметтік мәселелердің салғырттығы, саяси бостандықтың шектелуі, елдегі наразылық. Тиісті қадағалаушы орындардың жауапкершілігінің, кәсіби деңгейінің жетіспеуінен осындай мәселелер туындады. Оның қатарында Арыстағы жарылыстар мен Мақтааралдағы жағдайлар тікелей адам факторларымен байланысты. Дегенмен қазіргі президент басқарып отырған үкімет осындай жағдайларға төтеп бере алды, ол ел көріп отырған шындық, - дейді Расул Жұмалы.

Сонымен қатар, ол Тоқаев президент болып сайланғандағы инаугурация кезінде жасаған мәлімдемелеріне сай әрекет еткенін айтты. Сөз бен істің арасында алшақтық болмаған.

Шенділерден талап еткен қарапайымдылық, халыққа, қоғамға жақын болу, қиын сәттерде қоғамның жанынан табылу сияқты мәлімдеме жасаған Тоқаев өзінің нақты істерімен оны дәлелдеді. Мәселен, Ақтауға алғаш сапар жасағанда өзіне арналған баннерді алғызып тастады. Одан кейін Арыста жарылыс болған кезде сол күні-ақ қиындық көрген тұрғындардың жанынан табыла білді. Сондай-ақ, өзінің туған күнін атап өтуден бас тартқаны ол кісінің қарапайымдылығын көрсетеді, - дейді саясаттанушы.

Оның айтуынша, Тоқаев қоғамды демокартияландыру әрекетіне күш жұмсаған.

Біз осыған ұқсас уәделерді бұдан бес-он жыл бұрын да естіп келдік. Өкінішке қарай ондай уәделердің көбі сөз жүзінде қалып отырды. Қазір айтылған уәделердің нақты іске асып жатқанын көріп отырмыз. Оның ішінде Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі құрылды және соның аясында бірқатар заңдарға өзгерістер енгізілді. Мәселен, сайлау, саяси партиялар, митинг өткізу жөніндегі заңдарға өзгерістер мен жеңілдіктер енгізілді, - дейді ол.

Сөз арасында ол Тоқаев басқаратын билік қиын кезде халыққа жәрдемдесіп, жұртшылықтың үкіметке деген көзқарасын біршама өзгерткенін айтты.

Әлемдегі мұнай бағасының түсуі және коронавирус пандемиясына байланысты қиын кезеңдер болып жатыр. Дегенмен мемлекет табыссыз қалған халыққа қарайласып, қажетті шараларды іске асырды. Президент бастаған билік тарапынан уақытылы, кәсіби деңгейдегі мемлекеттік шешімдер қабылданды. Ол экономика, әлеуметтік мәселеде ішкі және сыртқы саясатта да оң шешімдер бар. Сыртқы саясатта әсіресе Еуразиялық экономикалық одаққа қарсы айтқан Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыны мемлекетіміздің мүддесінен туындап отыр. Сондықтан президенттің бір жылда атқарған ісіне оң баға беруге негіз жеткілікті. Елде үміт, саяси реформаларға деген бір құлшыныс пайда болды. Яғни, мемлекетке, мемлекеттік орындарға денген сенім артқан. Статистикаға сүйенетін болсақ осы дағдарыс кезінде Nur Otan партиясына жолданатын шағым, өтініштер еселеп артқан. Ол мәселелер шешімін таппайтын болса ешкім жүгінбес еді. Бір жылда көп іс тындыру мүмкін емес, дегенмен обективті қарайтын болсақ көп нәрсе дұрыс жасалды, -дейді саясаттанушы.

Өзгелердің жаңалығы