Айтарлықтай кемшілік баршылық. Депутат аграрлық саланың проблемасын айтып берді

11 Маусым 2021, 11:47
5719
Бөлісу:
Айтарлықтай кемшілік баршылық. Депутат аграрлық саланың проблемасын айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Еліміздің экономикалық өсуі мен ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға бағытталған міндеттердің орындалу көрсеткіштері жүйелі жұмысты талап етеді. Бұл туралы сенатор Дүйсенғазы Мусин айтты.

Саланың маңыздылығы әлемде азық-түлікке деген сұраныстың өсуіне және пандемияға байланысты экономиканың дағдарысы аясында артуда. Өздеріңізге мәлім, «Агробизнес - 2017» бағдарламасы мен су ресурстарын басқару мемлекеттік бағдарламаларын интеграциялау негізінде әзірленген бұл құжат бір рет өзектендіріліп, үш рет өзгеріс енгізілді. Оның орындалу барысына жасалған талдау нәтижелері алда атқарылатын шараларды айқындау үшін маңызды, - деді Д. Мусин Сенаттағы Қазақстанның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру тақырыбындағы Үкімет сағатында.

Ол Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров өзінің баяндамасында бұл саладағы негізгі макроэкономикалық көрсеткіштердің оң өсу үрдісі қамтамасыз етілгенін айтқанымен, әлі де кемшілік жеткілікті екенін жеткізді.

Бағдарлама ауқымында қойылған міндеттерді іске асыруға өткен 4 жылда 2 трлн 494 млрд теңге қарастырылып, іс жүзінде 66 пайызға ғана қаржыландырылғанмен, қайта өңдеу өнімдерінің экспорты - 1,5 есе, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі - 1,7 есе өсіп, 6,3 трлн теңгені құраған. Алайда, көзделген мақсаттарға, міндеттер мен нәтижелерге жетуде айтарлықтай кемшілік баршылық, - деді депутат.


Өзгелердің жаңалығы