Айт намазы үйде қалай оқылады?

23 Мамыр 2020, 13:14
16169
Бөлісу:
Айт намазы үйде қалай оқылады?
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Әлемді әбігерге салып отырған індеттің кесірінен биыл мешітердің есігі жабылып, жамағатпен оқылатын намаздар оқылмай қалды. Рамазан айында да мешіттерде тарауих намазы оқылмады. 

Енді міне, Рамазан айынан кейін келетін Айт намазын да мешітте оқу бақыты бұйырмай тұр. Бұған дейін Айт намазы оқылғанда көпшілік жамағат мешіттерде имамға ұйып тұратын. Ал жамағат пен оқылатын Айт намазы мен жеке оқылатын Айт намазының айырмашылығы бар ма? Бұл туралы "Нұр Астана" мешітінің наиб имамы Нариман Исенов мырзадан сұрап білген едік.

– Айт намазы үйде қалай оқылу керек?

– Аса Рақымды, ерекше мейірімді Алланың атымен бастайын! Жалпы, шариғатымыз бойынша Айт намазын жамағатпен оқу – уәжіп. Ал Ханафи мәзһабымыз бойынша Айт намазын үйде жеке оқу дұрыс емес деп есептеледі. Өкінішке орай, биыл мынау әлемді жайлаған індеттің салдарынан мешіттерімізде жамағатпен намаз оқу мүмкін болмай тұр. Жамағаттың денсаулығына қауіп төнетін болғандықтан, ҚМДБ биыл мешітте Айт намазының оқылмайтындығын жариялады. Бірақ айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат нәпіл (дұха) намазын жеке оқи алады. Негізі төрт ракағат етіп оқу – абзал.

– Бұл Айт намазы болып есептеледі ме? Әлде нәпіл намазы ма?

– Айт намазы жамағатпен орындалатын құлшылық болғандықтан, үйде де оқылмайды. Бірақ жаңа айтқанымыздай Айт күні күн найза бойы көтерілгеннен кейін әркім өз үйінде екі немесе төрт ракағат дұха намазын оқыса болады. Жалпы Айт мерекесін биыл өз отбасымыздың, бала-шағамыздың ортасында қарсы алып, мерекені үйде тойлаймыз.

– Айт намазына дейін ораза ұстау міндетті ме? Яғни 24-і күні сәресі ішу керек пе?

– Бүгін кешке Рамазан айының соңғы ауызашары. Бүгін түнде тарауих намазы оқылмайды. Сондай-ақ, 24-і күні сәресіге тұрмаймыз. Бұл күні Айт мерекесі болғандықтан, аузымыз ашық болады. Бұл туралы "Алла Елшісі (с.ғ.с) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салатын" делінген хадис бар. Ораза айт – мереке! Сондықтан мереке күні отбасыңызға, ата-анаңызға, туысқаныңызға сыйлық жасағанның артықтығы жоқ.

– Егер Рамазан айында қарыз болған күндер болса, сол күндерді айт күндері өтеуге болады ма?

– Жаңа жоғарыда айтқанымыздай, Алла Елшісі (с.ғ.с) ораза және құрбан айт күндері ораза ұстауға тыйым салаған. Бірақ Айт мерекесінен кейін Рамазан айының қарызын өтеу міндетті. Қарыз күндерді келесі Рамазан айына дейін ұстап біткен жақсы. Бірақ ұзақ созып жүріп алмай, тездетіп өтеген абзал.

– Оразадан кейін алты күн тағы ауыз бекіту керек деп жатады. Ол қандай ораза?

– Бұл – Шәууәл айының алты күн оразасы. Жалпы, құлшылық амалдар парыз, уәжіп және нәпіл болып бөлінеді. Соған орай сауабы да әртүрлі деңгейде болады. Нәпіл ораза тұтқан мұсылман парыз және уәжіп оразалардың сауабын ала алмағанмен, бұл ғибадат пендені Аллаға жақындататын қайырлы амалдардың бірі болып есептеледі. Мұсылман нәпіл оразаны ұстауға міндетті емес. Дегенмен, нәпіл оразаны шын ықыласпен ұстаса, оның сауабы мол.

Рамазан айынан кейін келетін Шәууәл айында да алты күн ораза ұстау нәпіл оразалардың қатарына кіреді. Алла Елшісі (с.ғ.с) "Кімде кім Рамазан айының оразасынан соң Шәууәл айында алты күн ораза ұстаса, бір жыл ораза ұстағандай болады", (Сахих Мүслим) деп бұл оразаның рухани салмағы басым екенін ескерткен.

– Уақыт бөліп, сауалдарымызға жауап бергеніңізге рахмет!

Өзгелердің жаңалығы