Аймақтық байланыс экономикалық дамуға тың серпін береді – Еуроодақ өкілі

8 Мамыр 2019, 18:45
1759
Бөлісу:
Аймақтық байланыс экономикалық дамуға тың серпін береді – Еуроодақ өкілі
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы Свен-Олов Карлссонмен кездесті. 

Кездесуде тараптар екі жақты ынтымақтастықтың маңызы мен алдағы ҚР Президентінің сайлауына қатысты мәселелерді талқылады.

Алдымен Мәулен Әшімбаев Қазақстан мен Еуропалық Одақ арасындағы қарым-қатынасқа назар аударды. Ол соңғы жылдарда екі елдің ынтымақтастығын арттыру мақсатында Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Еуропа елдерінің басшылары тарапынан айтарлықтай жұмыстар атқарылғанын атап өтті.

«Біздің тараптар 2015 жылы қол қойылған Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімнің негізінде өзара байланысты одан әрі күшейтті. Бүгінде екі жақты экономикалық байланысымыз жүйелі түрде дамып келеді. Көптеген еуропалық компания Қазақстанда табысты жұмыс істеп жатыр. Қазақстан экономикасындағы сыртқы сауда айналымының 50%-ы Еуропалық Одақ елдеріне тиесілі. Сол себепті Еуропалық Одақты еліміздің ең басты сауда-экономикалық серіктесі деп атауға толық негіз бар», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар, кездесуде Қазақстан экономикасындағы шетел инвестициясының жартысынан астамы Еуропалық Одақ елдерінің үлесінде екені айтылды. Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары сауда және инвестициялық қарым-қатынастағы бұл деңгейлер шектік көрсеткіш емес екеніне назар аударып, алдағы уақытта бұдан да жоғары нәтижелер болатынына сенетінін жеткізді.

Сондай-ақ, ол тараптардың саяси және партияаралық байланысына да тоқталды.

«Қазақстан мен Еуропалық Одақтың саяси байланысы қарқынды дамып келеді. Біздің партияаралық қарым-қатынасымыз да айтарлықтай деңгейде. Германияның және басқада еуропалық елдердің жетекші партияларымен жүйелі байланыс орнаттық. Алдағы уақытта осы бағыттағы жұмысымыздың аясын одан әрі кеңейтуге мүдделіміз», – деген Мәулен Әшімбаев Nur Otan-ның Қазақстандағы жетекші саяси күш саналатынын және басты мақсат осы көшбасшылықты сақтап қалу екенін айтты.

Бұдан басқа, іс-шара барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтату туралы тарихи шешімі және оның 30 жылға жуық ел басқарып, тәуелсіз, заманауи, нарықтық, демократиялық, құқықтық Қазақстанды қалыптастырғаны сөз болды.

«Еліміздің экономидағы, саясаттағы, әлеуметтік саладағы барлық жетістіктері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Ол Қазақстан Президенті ретіндегі өкілеттігін тоқтатқанымен Nur Otan партиясының Төрағасы, Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясының Төрағасы, Елбасы болып қала береді», – деді Мәулен Әшімбаев.

Одан бөлек, партия Төрағасының Бірінші орынбасары қазіргі таңда Қазақстан халқының тарихи кезеңді бастан өткеріп жатқанына және алда үлкен саяси науқан тұрғанына назар аударды.

«Партиямыздың 23 сәуірдегі XIX съезінде Елбасы Қазақстан Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлын ұсынды. Оны барша съезд делегаттары бірауыздан қолдады. Соған байланысты қазіргі таңда кандидатымыздың үгіт-насихат жұмыстарына қызу дайындық жүргізіліп жатыр. Республикалық және аймақтық деңгейдегі қоғамдық штабтар құрылды. Барлық қажетті шаралар қолға алынды», – деді Мәулен Әшімбаев.

Кездесуде сайлаудың ашық, әрі әділ өту мәселесі де әңгімеге арқау болды. Осы мәселеге тоқталған Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары партияның тек заң шеңберінде ғана әрекет ететінін айрықша атап өтті.

«Сайлаудың ашық әрі әділ, еліміздің заңдары мен халықаралық нормаларға сәйкес өтетініне сенімдімін. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та осы салаға аса маңыз беріп, тиісті мемлекеттік органдарға тапсырма берді. Өйткені бұл сайлау – билік сабақтастығын қамтамасыз етіп, демократиялық дамуға ықпал ететін ел дамуындағы маңызды кезең. Сондықтан біздің партия заң аясында әрекет етеді. Бұл істе біз отандық және халықаралық бақылаушылармен, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы сияқты ірі құрылымдармен тығыз жұмыс істеуге дайынбыз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен бірге партия Төрағасының Бірінші орынбасары кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы басты қағидасы Елбасы саясатының сабақтастығын сақтау екенін айтты. Оның сөзіне қарағанда, бұл экономикада, әлеуметтік саясатта, саяси жүйеде еш нәрсе өзгермейді дегенді білдірмейді.

«Сабақтастық Елбасы саясатының негізгі басымдықтарын сақтап қалумен ерекшеленеді. Олар көпвекторлы сыртқы саясат пен бейбітсүйгіштік қағидалары. Экономикадағы сабақтастық нарықтық экономика, әлеуметтік аз қамтылған топтарға қолдау көрсету және шетелдік инвестицияларды жұмылдыру қағидаларына табан тірейді. Ал саясатта бұрынғыдай тұрақтылық пен демократиялық даму қағидасына басымдық беріледі. Ал жұмыс барысында жаңа, тың бастамалардың қолға алынатыны сөзсіз», – деді Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары.

Сондай-ақ Мәулен Әшімбаев өз сөзінде үгіт-насихат жұмыстары негізінен үш бағыт бойынша жүргізілетінін де тілге тиек етті.

«Ең алдымен дәстүрлі БАҚ-қа басымдық беріледі. Екіншіден, еліміздің барлық өңіріндегі халықпен тікелей кездесіп, кандидаттың сайлауалды бағдарламасын түсіндіреміз. Сондай-ақ науқан кезінде әлеуметтік желілерді де кеңінен пайдаланамыз. Бұл жұмыстардың барлығы заң шеңберінде жүргізіледі», – деген Мәулен Әшімбаев сайлаудан кейін де Қазақстан мен Еуропалық Одақ елдерінің байланысы одан әрі жалғасатынына сенім білдірді.

Аймақтық байланыс экономикалық дамуға тың серпін береді – Еуроодақ өкілі

Өз кезегінде Свен-Олов Карлссон Қазақстандағы қазіргі саяси оқиғалар халықаралық нормалар мен елдің Конституциясына сәйкес өрбіп жатқанын айтты. Ол екі тараптың қарым-қатынасын одан әрі дамыту, инвестиция тарту саласын жетілдіру және 2015 жылғы Әріптестік және ынтымақтастық туралы келісімде көрсетілген басымдықтарды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастыру жайына да тоқталды. Одан бөлек, еуропалық өкіл Елбасымыздың әлемдік деңгейдегі еңбегіне назар аударды.

«Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылдың қазан айындағы Брюссельге жасаған сапарын, сол кездегі АСЕМ саммитіндегі сөйлеген сөзін біз жоғары бағалаймыз. Аталған жиында Нұрсұлтан Әбішұлы мазмұнды сөз сөйлеп, Еуропа мен Азия елдерінің өзара байланысын нығайту мәселесіне көңіл бөлді. Таяуда ғана Бейжіңде өткен «Бір жол, бір белдеу» форумында да Нұрсұлтан Назарбаев жаһандық диалогты дамыту мәселесін көтерді. Бұл Қазақстанның әлемдік қауымдастықта үлкен абыройға ие екенін көрсетеді», – деді Қазақстандағы Еуропалық Одақ Өкілдігінің басшысы.

Сондай-ақ, ол Орталық Азиядағы тұрақтылық пен қауіпсіздік жайына көңіл бөліп, бұл істе Қазақстанның аймақ көшбасшысы ретінде маңызды рөл атқаратынын айтты.

«Біз сіздің елдің көршілес мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас орнатқанын да ерекше құрметтейміз. Аймақтық байланыс экономикалық дамуға тың серпін береді және саяси тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Еуропалық Одақ осы салада да бірлесіп жұмыс істеуде дайын. Себебі Еуропалық Одақ Орталық Азияның қауіпсіздігі мен тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүдделі», – деді Свен-Олов Карлссон.

Айта кетейік, Еуропалық Одақ Қазақстанның ең негізгі саяси және экономикалық әріптестерінің бірі. Екі тарап арасындағы дипломатиялық қарым-қатынастар алғаш рет 1993 жылғы 2 ақпанда орнатылды. Содан бері өзара байланыс қарқынды дамып келеді.


Өзгелердің жаңалығы