Аймағамбетов университет мұғалімдерінің жалақысын қалай көтеретіндерін айтты

18 Наурыз 2021, 09:29
1482
Бөлісу:
Аймағамбетов университет мұғалімдерінің жалақысын қалай көтеретіндерін айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Оқытушыларға лайықты жалақы төлеп, олардың қалыпты жұмыс атқаруы үшін жағдай жасау - жоғары білім сапасын арттыру үшін маңызды. Бұл туралы Білім және ғылым министр Асхат Аймағамбетов Facebook-тегі парақшасында жазды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында жоғары оқу орындарындағы педагогикалық-оқытушылық құрамның жалақысын арттыруға қатысты тапсырма берген болатын. 
 
Нәтижесінде 2019 жылғы қыркүйекте Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20%-ға ұлғайтылды. Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл ретте, болған жалақының базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40%-ға ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр, - дейді министр.
 
Білім басшысының айтуынша, мәселен, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге болса, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде 99 мың теңге. Мұндай жалақы мөлшері оқытушыларды аса ынталандыра қоймайтыны анық. 
 
Кейбір жоғары оқу орындары оқытушылардың жалақысын көтеру кезінде лауазымдық жалақы мөлшерін негізге алған. Ал лауазымдық жалақы мөлшері оқытушылардың түрлі қосымша ақыларды қоса алғандағы нақты жалақысынан төмен екенін айта кеткен жөн. Басқа жоғары оқу орындары жалақыны педагогикалық жүктемені көбейту арқылы арттырды, - деп жазды ол.

Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті.
 
Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ. К. Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін, ақпан айында өткен кеңесте БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен талқылап, бұйрыққа қол қойып, онда екі норманы бекіттік, - деп атап өтті Асхат Аймағамбетов.
 
БІРІНШІ. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгілеу.
 
Яғни, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.
 
Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы тиіс. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады.
 
ЕКІНШІ. Педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау.

Әрине, бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ.
 
Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары  сағат санын 680-ке дейін төмендетуі керек.
 
Бұл бұйрықты ерте қабылдап жатқанымыздың өзіндік себебі бар: 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ЖОО басшыларына өздерінің шығыстарын қайта жоспарлап, оңтайландыру және кірістерін ұлғайту үшін уақыт береміз, - деп айтты министр.
 
Аталған шешім жоғары оқу орындарындағы әкімшілік-басқару персоналы мен педагогикалық-оқытушылық құрамның арақатынасын өзгертуге, басқа да маңызы басым емес шығыстарды қысқартуға және бюджеттердің шығынын қайта қарауға мәжбүрлейтіні анық.
 
Аймағамбетов ректорлармен 2021 жылдың қыркүйегіне дейін тиісті жұмыс жүргізілетіні туралы келісімге келгендері туралы жазды.
 
Президенттің бұл тапсырмасының орындалу барысын ЖОО директорлар кеңестері мен Білім және ғылым министрлігі бақылауда ұстайтын болады.

Өзгелердің жаңалығы