Бас жаңалықтар
Аймағамбетов оқушыларды Олимпиададағы жеңістерімен құттықтады
24 Шілде 2021, 12:10 349

Аймағамбетов оқушыларды Олимпиададағы жеңістерімен құттықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиадаларда жеңіске жеткен оқушыларды құттықтады.

Қазір бүкіл әлемнің әрі еліміздің назары Токиодағы Олимпиада ойындарында. Біз Қазақстан құрамасына жанкүйерміз, - деді министр.

Ол жазбасында еліміздің басқа да маңызды әлемдік деңгейдегі жарыстарда – математика мен биологиядан халықаралық олимпиадалардағы оқушылардың жетістіктерімен бөліскісі келетінін жазды.

Математика пәні бойынша олимпиадада біздің оқушылар алты медаль жеңіп алды, оның ішінде бір алтын, 3 күміс және 2 қола бар. Еліміздің атынан әлемдік деңгейдегі олимпиадаға Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды және Атырау қаласынан алты оқушы қатысты. Алтын медаль иегері – Мырзатай Айбек, күміс медаль иегерлері – Дүйсенбеков Данат, Сатубалдин Таир, Сам Фетуллах, қола медаль иегерлері – Олжабаев Асылбек және Баймурзин Рахим, - дейді Аймағамбетов.

Сонымен қатар биология пәні бойынша олимпиадада ел намысын Нұр-Сұлтан, Алматы, Өскемен және Ақтөбе қалаларынан 4 оқушы қорғады. Олар 1 күміс және 2 қола медаль, сондай-ақ 1 Құрмет грамотасын ұлттық құраманың қоржынына салды.


Күміс медальді Темірбеков Ерасыл, қоланы Батыржанов Ернар мен Ерназаров Бақдәулет, Құрмет грамотасын Әбдуәлі Гүлдана жеңіп алды.

Бас ұстаз Олимпиада жүлдегерлерін, олардың ата-аналарын, мұғалімдері мен жаттықтырушыларын жеңістерімен құттықтады.

Құрметті оқушылар! Бұл – сіздердің еңбектеріңіздің жемісі. Сіздер әлемнің жүзден астам еліндегі құрдастарыңызбен зияткерлік сайыста жарысып, еліміздің намысын абыроймен қорғадыңыздар. Болашақта биік белестерді бағындыруды тілеймін! Біз өз тарапымыздан қазақстандық оқушылар өздерін күллі әлемге таныта отырып, халықаралық байқауларда бұдан да үздік нәтижелер көрсетуі үшін жағдай жасауды жалғастырамыз, - деп толықтырды Асхат Аймағамбетов жазбасын.

Министрдің айтуынша, осы жылдың басынан бері біздің оқушылар халықаралық олимпиадаларда 200-ден астам медаль жеңіп алып, өз білімдерінің жоғары деңгейін көрсетті.


Фото: дереккөз
Загрузка...