Аймағамбетов мың мектептің қалай салынатынын айтып берді

2 Қыркүйек 2021, 10:21
9950
Бөлісу:
Аймағамбетов мың мектептің қалай салынатынын айтып берді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Үкімет отырысында Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов 2025 жылға дейін 1 000 мектептің құрылысы қалай салынатынын айтып берді.

Аймағамбетов Мемлекет басшысының Жолдауында берілген тапсырмаларды орындау бойынша министрлік тиісті жұмысты бастап кеткенін айтты.

Сонымен қатар министрлік басшысы Президенттің берген тапсырмалары қалай жүзеге асырылатынын түсіндіріп берді.

Болжам бойынша 2025 жылы урбанизация мен туу деңгейінің өсуіне байланысты мектептерде қосымша 993 мың орынға қажеттілік пайда болады. Сондықтан орын тапшылығын болдырмау үшін 1 000 жаңа мектепті салу 4 механизм арқылы жүзеге асырылады. Олар: мемлекеттік бюджеттен нысаналы құрылыс, мемлекеттік жекеменшік әріптестік тетігі, жекеменшік мектептер желісін дамыту және модульдік мектептер салу, - деді министр.

Айтуынша, жоспарға сәйкес биылғы жылы 200 жаңа мектеп ашылады. Келесі төрт жылда жыл сайын тағы 200 мектептен салынады.

Жергілікті атқарушы органдар 1 000 мектепті салу үшін қажетті эжер учаскелерін алдын ала бөліп, оның интерактивті картасын әзірлеуі қажет. Оған қоса, 1 500, 2 000, 2 500, 3 000 оқушыға арналған мектептердің заманауи типтік жобалары дайындау керек. Осы тапсырманың орындалуына қоғамдық бақылау жүргізу үшін арнайы электронды портал іске қосылады, - деп толықтырды елдің бас ұстазы.

Еске сала кетейік, кеше Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің халыққа Жолдауында 2025 жылға дейін 800 емес, 1 000 мектеп салуды тапсырған болатын.

Өзгелердің жаңалығы