Аймағамбетов ҚазҰУ жер учаскесінің азаю фактісін растады

Аймағамбетов ҚазҰУ жер учаскесінің азаю фактісін растады
1172

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат  Аймағамбетов ҚазҰУ жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісін растады. Министрлік қоғамда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жер мәселесіне қатысты резонанс туғаннан кейін тексеріс жүргізді.

Еске сала кетейік, Мәжіліс депутаты Берік Дүйсембинов көптен бері қоғамда резонанс тудырған әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіндегі жер мәселесіне қатысты сауал жолдаған болатын.  

Аймағамбетов Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында министрліктің жұмыс тобы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, баяндалған барлық фактілерді тексергенін жазды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жер телімін түзетуге қатысты пост жариялағаннан кейін, тез арада министрліктің жұмыс тобы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен бірлесіп, баяндалған барлық фактілерді тексеруді бастады. Жүргізілген тексеру қорытындысы бойынша ҚазҰУ жер учаскесінің 0,779 гектарға азаю фактісі расталды. Осыған байланысты, жер учаскелерін басқару бөлігінде ҚазҰУ қызметін толыққанды зерттеу мақсатында министрлік кешенді тексеру жүргізуді көздеді. Алайда, ағымдағы жылғы наурызда Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті ҚазҰУ-ға аудит басталуына байланысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тексеріс жүргізу мүмкін емес, - деді Білім басшысы.

Оның жауабына сәйкес, министрлік 2021 жылғы 10 ақпаннан бастап ҚазҰУ-ға жаңа басшылық тағайындағанын атап өткен жөн. Бұдан басқа, министрлік 2020 жылғы желтоқсанда Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде  ішкі аудит жүргізу барысында Алматы қаласының жанындағы Кемертоған кентінде орналасқан, ЖОО-ға тиесілі алаңы 9,0 га жер учаскесін заңсыз иеліктен шығару фактісін анықтады. 

Министрліктің хабарлауынша, бұл ретте жоғары оқу орындары жер телімдеріне қатысты шешімдерді Білім және ғылым министрлігінің келісімінсіз өз бетінше қабылдаған.

Аталған факті бойынша материалдар құқық қорғау органдарына тапсырылды. Сондай-ақ, 2020 жылы «Қ.И. Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті» КеАҚ пен «Семей қаласының Шәкәрім атындағы университеті» КеАҚ-та да тексеру жүргізілді, тексеру нәтижесі бойынша жылжымайтын мүлік объектілерін заңсыз иеліктен шығару фактілері анықталған жоқ. Сонымен бірге сіздердің назарыңызға Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 16, 17, 18-баптарының ережелеріне сәйкес жер учаскелеріне құқық беру, сондай-ақ жер учаскелерін алып қою мәселелері жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жататынын атап өтеміз, - делінген министр жауабында.
Министрдің сөзінше, жоғары оқу орындары қызметінің тиімділігі мен ашықтығын арттыру мәселелері министрліктің тұрақты бақылауында.

Фото: дереккөз