Аймақтардағы ахуал әлі де күрделі - Майгелдинов

29 Шілде 2020, 21:00
1718
Бөлісу:
Аймақтардағы ахуал әлі де күрделі - Майгелдинов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Саясаттанушы Қазбек Майгелдинов Президенттің карантинді тағы екі аптаға ұзарту тапсырмасына қатысты пікірін білдірді.

Бұл - өте тиімді шешім. Себебі аймақтардағы ахуал әлі де күрделі. Ол жергілікті атқарушы органдар тарапынан кеткен қателіктің салдары. Бүгінде коронавирус індетіне шалдыққандар санының өсу қарқыны бәсеңдесе де, науқастар мен өлім-жітім саны азаймай отыр. Қазақстан коронавирусқа шалдыққан науқас саны бойынша Қытайдағы көрсеткіштен асып кетті. Шетелде карантин талаптары жеңілдетіп жатыр. Ол жақтағы ахуалмен бізді салыстыруға болмайды, - деді саясаттанушы.

Ол атағандай, халық арасында карантин талаптарын сақтамай, табиғатқа демалуға шығып, маска тақпай жүргендер де бар.

Карантин талаптарын сақтамай жүргендер туралы әлеуметтік желі мен БАҚ-тан көріп отырмыз. Бұл азаматтар арасында немқұрайлылық әлі де бар екенін көрсетеді. Мемлекет тарапынан жағдайды ушықтырмауға қатысты бірқатар шара қабылданды. Енді сол талаптарды тұрғындар барынша сақтап, жағдайды жақсартуға атсалысса деген ниет бар. Карантин шараларын ұзартудың тағы бір себебі - азаматтардың әлеуметтік-қоғамдық жауапкершілігінің төмендігі, - дейді Майгелдинов.

Саясаттанушы әрбір азамат бұл мәселеге жауапкершілікпен қарау керек екенін айтты.

Карантинді ескерту немесе жауып тастау ретінде қабылдамау керек. Бұл індеттің болжанған толқындарын алдын алудың қамы екенін түсіну керек. Біз бастан кешірген жағдайдың қайта қайталанбауы үшін осындай әрекетке баруға мәжбүрміз, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы