Ұлттық кеңес мүшелері айлықсыз жұмыс істейді

22 Шілде 2019, 16:19
1991
Бөлісу:
Ұлттық кеңес мүшелері айлықсыз жұмыс істейді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі мүшесі Ерлан Саиров ұйымда айлық берілмейтінін және міндеттерін орындай алмағандар Кеңестен шығарылып, орнына басқа адамдар келетінін айтты.  

«Біріншіден, айлық жоқ. Екіншіден, Ұлттық кеңеске қалай хабарласады. Осы отырған азаматтардың әлеуметтік желіде аккаунттары бар, телефон, барлығы ашық жазылған. Кеңестің хатшысы Ерлан Қарин екі-үш күн бұрын аккаунт ашылады деді. Сұрақтарды сонда жібере беруге болады. Кеңес құрамы туралы пікірімді білдірейін. Кеңес мүшесі догма емес. Құрамы өзгеріп тұруы ықтимал. Жеке ойым, жарты жылда не бір жылда өзгеріп тұруы керек. Бір адамның орнына екінші адам келуі ықтимал. Мен өзім бұл кеңестің жұмысын осылай көремін», - деп айтты Саиров.

Оның сөзінше, Кеңес мүшелері миссияларын орындай алмаса орындарын босатады. 

«Цифрлық заманда өмір сүріп жатырмыз. 42 адам шартты нәрсе. Қоғамда қандай мәселе бар соның барлығына әлеуметтік желіде, интернетте сараптама жасалып отырады. Сол жерде азаматтарды толғандыратын мәселелер шешіледі. Совет заманындағы қасаң режимнен арылуымыз керек. Еліміздегі 12 млн ересек адамның барлығы Кеңес жұмысына қатысуына толыққанды құқығы бар. 42 адам 12 млн азаматтың мұң-мүддесін жеткізе алса отырады, жеткізе алмаса орнына басқа азаматтар келеді. Бұрынғы психологиядан жаңа әлеуметтік психологияға өтуіміз керек. Кеңеске мүше әрбір азамат үлкен жауапкершілікті миссия деп есептейді. Егер миссия орындалмаса, олар бұл жерден кетуге дайын. Мысалы менің миссиям орындалмаса, өзімнің орныма басқа адамды ұсынамын», - деді Кеңес мүшесі.

Бұған дейін ҚР Президенті жанындағы Қазақстандық стратегиялық зерттеулер институтының әлеуметтік-саяси зерттеулер бөлімінің басшысы, саясаттанушы Алуа Жолдыбалина Ұлттық қоғамдық сенім кеңесіне жұмыс істеу форматын ұсынған болатын.

Өзгелердің жаңалығы