Бас жаңалықтар
Бала асырап алам десеңіз...
26 Ақпан 2020, 07:55 627

Бала асырап алам десеңіз...

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазақстандық ірі бизнесмен Айдын Рақымбаев жұбайы екеуінің қалай бала асырап алғанын әлеуметтік парақшасында жазды.

Айдын.jpg

Олар балаларының сезімдері мен тыныштығына зиян келтірмеу үшін ешкіммен балалары жайлы сыр бөліспеген.

4 жыл бұрын осы күнде біз Анар екеуіміз төрт жасар кенже қызымызбен жасты қыз баламен танысуға балалар үйіне барғанбыз. Асырап алғанға қолайлы жас деп есептедік, себебі кенже қызымыз да сол жаста болатын, бірге апалы-сіңлі болып өседі деген ойда едік.

Кездесуді күтіп отырған кезімізде бізге қателік жіберілгені жайлы хабарлады: біз танысайық деген қыз баланың 8 жасар ағасы мен 11 жастағы апайы бар екен. Әрине, біз бұндай өзгеріске дайын болған жоқпыз..

Үшеуінің кездесу бөлмесіне кіріп келгені әлі де есімде.. Шашы қысқа алынған ұл мен бантик киген екі қыз да ұқыпты, мектеп киімін киген.. Олардың не үшін мұнда келгенін, өздерін қалай ұстау керектігін білгендігі анық көрінді. Біз одан әрі абыржып кеттік. Өз көзімізге өзіміз сенбей, талай сезім мен ойға баттық.

Кездесу кезінде жұбайым көз жасын тыюға тырысқанмен, тоқтата алмады. Мен болсам, осындай ұқыпты, зерек, әп-әдемі балалардан қалай бас тартуға болатынын түсінбей, жүрегім шаншыды, - дейді Айдын Рақымбаев.

Кездесуден кейін ақылдаса келе үшеуін де алып кетуді шешкен кәсіпкер одан кейін балаларға деген әділетсіздік жайлы ойлар мен ұйқысыз түндер, үлкен жауапкершілік сезімі маза бермегенін еске алады. 

Олар бар күшін салып, бір апта ішінде балаларды қамқорлыққа алған. Алайда ұзақ бала асырап алу үрдісі басталды. Құжаттарды рәсімдеу, сот, сараптама, қорытындылау, осының барлығын өтіп, бір жылдан соң ғана балаларға өз тегін бере алған.

Балалар жанұямызға тез сіңіп кеткені сонша, оларсыз өмірімізді елестету мүмкін емес. Үлкендеріміз болса, кішілерге қамқорлық көрсетіп, тәртіпке үйреніп, өзімізбен бірге өзгере бастады. Олардың арқасында кішілер де тез бейімделіп кетті. Ең қызықтысы – бір-екі бала шаруа тудырады, үш-төрт бала қиындау, ал төрттен көп болса, бәрібір екен. Көбірек болса жақсы деп ойлайсың... – дейді бизнесмен. - Балаларымыздың сезімдері мен тыныштығына зиян келтірмеу үшін біз ешкіммен бұл жайлы бөліспегенбіз. Қазір болса, олар ер жеткен, Рахимбаевтар әулетінің ажырамас мүшелері.

Анар екеуміз үлкен қызымызбен ақылдасып, басқалармен өз оқиғамыз жайлы бөлісуге шешім қабылдадық. Себебі, бала асырап алу жайлы ойлап жүрген, бірақ күмәнге батып жүрген талай ата-ана мен балалар үйінде қамауда жүрген талай бала бар емес пе... Қызымыз да бұл ойды қолдады. Балалардың барлығы ата-анасының қолында өсуі керек.

Бала асырап алу жайлы бір рет болса да ойланған ата-аналар болса, жұбайым екеумізде соларға айтатынымыз бар: қиындықтан корықпаңыздар, оның есесі мың есе қайтады. Сіз баланың өміріне үлкен бақыт әкелесіз, ал ол сіздің өміріңізді гүлдендіреді. Сізде АДАМНЫҢ ТАҒДЫРЫН толықтай өзгерту мүмкіндігі бар. Ал асырап алған балаларыңыз бірден болмаса да, уақыты келгенде, сіздерді қуантады!

Сонымен қатар, кәсіпкер Қазақстандағы балалар үйінің барлық тұрғындары өз отбасын таба алатынына сенеміз дейді. Бұл қалай қиын болса да, балалардың ата-анасының қолында өсуі өте маңызды екенін атап өткен.

Ұзақ заңгерлік үдерістерді өтіп болған соң, "Ана үйі" жобасының қамқоршылары, бизнесмен жолдастарыммен бөлістім. Ақылдасып, барлығымыз бірігіп бала асырап алушыларға заңды және психологиялық қолдау көрсету, қаржылай көмек көрсетумен айналыстық. Осы жылдар ішінде біздің қызметіміз өсіп, Ұлттық бала асырап алу агенттігі құрылды. Бүгінде мыңнан астам балаға өз ата-анасын табуға көмек көрсетілді!

Қазір балалар үйінде 6 жастан үлкенірек балалар көбірек, бұл жақсы көрсеткіш, қайткенмен, ересек баланы асырап алу қиын. Ата-аналарға арнайы білім, қолдау және батылдық қажет. Ересек балалармен қиындық тууы мүмкін, себебі балалар үйінде өткізген қанша жылдар өз ізін қалдырады.. Дегенмен, бұны да шешуге болады. Ең бастысы, балаға жылулық, қорғаныш және сүйіспеншілік сыйлау керек, - дейді ол.



Фото: дереккөз
Загрузка...