Аягөздегі жылу қазандығы әкімдік қарамағына беріледі

26 Ақпан 2019, 11:29
2528
Бөлісу:
Аягөздегі жылу қазандығы әкімдік қарамағына беріледі

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Бұл жөнінде Аягөз ауданында іссапармен болып қайтқан өңір басшысы Даниал Ахметов хабарлады. Сонымен қатар ол Аягөз қаласында салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылыс барысымен де танысып қайтты.

Аягөздегі жылу қазандығы әкімдік қарамағына беріледі

Естеріңізге салсақ, біз бұл жөнінде осыған дейін жазған болатынбыз. 22 қаңтар күні өткен облыс әкімінің тұрғындар алдындағы есеп беру кездесуі барысында өңір басшысына сауал жолдаған аягөздіктер осы мәселені қозғаған еді. Енді міне мәселе шешілген сыңайлы.

Аягөз қаласын жылумен қамтамасыз ететін орталық жылу қазандығына осыған дейін «Аягөз жылу» ЖШС иелік етіп келді. Қазіргі уақытта ол уақытша әкімдіктің теңгеріміне өткен. Ал алдағы мамыр айында нысанды толықтай коммуналды меншікке өткізу жоспарланып отыр.

Аягөздегі жылу қазандығы әкімдік қарамағына беріледі

«Сарапшылар тәуелсіз бағалау жүргізіп, нәтижесінде оның құны шамамен 47 миллион теңге тұрады деген қорытынды жасады. Қазандықты сатып алғаннан кейін оны жөндеуге облыстық бюджеттен 250 миллион теңге бөлуді жоспарлап отырмыз. Жаңа қазандықтар орнатып, барлығын тәртіпке келтіреміз. Қыркүйек айында қазандық қайтадан жаңарып, жылу маусымына толық дайын болады», - деп қосты Даниал Ахметов.

Әрі қарай ол Аягөз қаласында салынып жатқан 60 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысымен танысып қайтты. Нысан құрылысын биылғы жылдың шілде айына аяқтау жоспарланған. Қазіргі уақытта аталған үйдегі 60 пәтердің 52-сін тұрғындар алып та қойған. Сонымен қатар Аягөзде бұдан бөлек жалдамалы екі тұрғынүй салу жоспарланған.

 Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі

Өзгелердің жаңалығы