Бас жаңалықтар
Интернетте авторлық құқықты қорғау мәселесі елордада талқылануда
16 Қазан 2019, 12:34 546

Интернетте авторлық құқықты қорғау мәселесі елордада талқылануда

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада «Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғаудың проблемалары мен перспективалары» атты семинар өтіп жатыр.

Аталған іс-шара екі күнге жалғасады. Субөңірлік семинардың мақсаты – Интернет желісінде авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау мәселесін талқылау, осы саладағы басқа елдердің тәжірибесімен танысу.

Шараны әділет вице-министрі Ақерке Ахметова ашты.

"Екі күндік семинарда талқыланатын мәселенің өзектілігінде ешкімнің күмәні жоқ. Біз ақпараттық технология дамыған ғасырда минут сайын авторлық және сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткіземіз. Мақалалар, әдеби шығармалар оқып, музыка тыңдап, фильмдер көре аламыз. Түрлі бағдарламаларды жүктеу мүмкіндігіміз де бар. Қазір адам бір күнін де интернетсіз елестете алмайды. Бұл біздің шындық. Бүгінгі семинарда қазіргі интернет дамыған заманда шығармалар құқығы қалай қорғалатыны, тиімді құқық қорғау әдістері мен дамыған елдердің заңдары талқыланады. Бүгінгі диалог алаңы заңнамамызды одан әрі жетілдіру бойынша ұсыныстар әзірлеуге көмектеседі деп ойлаймын", - деді Ақерке Ахметова.

Семинар жұмысына мүдделі мемлекеттік органдар, ұжымдық негізде мүліктік құқықтарды басқаратын ұйымдар мен Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарының өкілдері, Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымының халықаралық сарапшылары, атап айтсақ Ұлыбритания, Германия, Франция, АҚШ, Ресей, Беларусь, Әзірбайжан, Өзбекстан мен Тәжікстан өкілдері қатысуда.

Шетелдік және қазақстандық спикерлер екі күндік семинар барысында интернет-қарақшылық, зияткерлік меншік құқықтары, сандық ортада авторлық және сабақтас құқықтарды қорғаудың негіздері мен құралдары, авторлық құқықтарды қорғау саласындағы қазіргі заманғы құқықтану, авторлық құқықтарды құрметтеуді қамтамасыз ету бойынша ерікті шаралар, интернет-делдалдардың жауапкершілігі және тағы басқа мәселелер бойынша материалдарды таныстырады.

Сондай-ақ, іс-шара барысында дөңгелек үстелдер өткізілуде. Қатысушылар оның шеңберінде Қазақстандағы авторлық құқық индустриясының жағдайы мен сандық ортада зияткерлік меншік құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету мәселелерін талқылауда.

Семинарды Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі мен Дүниежүзілік зияткерлік меншік ұйымы ұйымдастырып отыр.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...