Бас жаңалықтар
Автомобиль жолдары саласында білікті маман тапшы
30 Қыркүйек 2020, 16:28 139

Автомобиль жолдары саласында білікті маман тапшы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитетінің Facebook-тегі парақшасында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Бас директоры Замир Сағынов оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізу қажеттігін айтты.

Орталық оқушылар арасында кәсіби бағдарлау жұмысын жүргізіп, жол жөндеуші мамандығы туралы, осы кәсіптің артықшылықтары мен келешегі туралы мектеп түлектеріне толық ақпарат беру шараларын бастаған.

Егер бұрын аймақтық зертханалар республикалық жолдардың сапасын тексеріп, оның кемшіліктерімен күрессе, қазір құрылған орталық барлық жалпыға ортақ жолдарды, соның ішінде жергілікті жолдарды тұтас қамтиды. Орталық әлемдік деңгейде қалыптасқан стандарттарды кеңінен енгізуде.                                    

Осылайша, мейлінше білім ордаларын көп қамту мақсатымен «1000 мектеп» акциясы қолға алынды. Бұдан басқа, Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы болашақ автожол саласы мамандарын дайындайтын, еліміздің колледждерімен және ЖОО-мен де белсенді жұмыстар жүргізеді. Бұл шара аясында 715 мектеп, 12 ЖОО, 17 колледж қамтылды. Кәзір ZOOM және Instagram тұғырнамасында, онлайн негізде бұл шаралар тоқтаусыз жалғасуда, - дейді Замир Сағынов.
Мұнан өзге, студенттерге ақы төленетін практикадан өтулеріне мүмкіндік жасалған. Жаз бойы Орталықта 45 студент атқарған еңбектеріне қарай ақысын алып, теориялық білімдерін нақты жұмыспен ұштастырып, тәжірибеден өтті.

Осындай нақты шаралар арқылы автомобиль жолдары саласында білікті маман тапшылығын жою жұмыстары басталды. 

Қазіргідей ақпараттық технологиялар мен жаппай цифрландыру заманында жастарға жүктелер жауапкершілік те зор. Сондықтан жастарымыз бағындыратын жаңа технологиялар жолдың сапасын жақсартуға, оның жағдайын бақылауға, өзгерістерді көруге, трафик ағынын басқаруға, сонымен қатар, талдау жасауға мүмкіндік бермек, - дейді орталық басшысы.
Жолдың сапалы салынуы, мұқият және стандарттарға сай жөндеуден өткізілуі, адам өмірін, мектеп оқушыларының өмірлерін сақтап қалуға әкелетінін естен шығармау қажет. Мұның бәрі халықаралық деңгейде қабылданған биік талаптар, ал оларды мүлтіксіз орындау – тек жолшылар парызы ғана емес, сол жолды пайдаланатын автомобиль жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің де міндеті.


Фото: дереккөз
Загрузка...