Қазақстан автомобиль жолдарының 97% тасқын суды өткізуге дайын

30 Наурыз 2020, 18:16
1251
Бөлісу:
Қазақстан автомобиль жолдарының 97% тасқын суды өткізуге дайын

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Жол қызметтері наурыз айының басынан бері республикалық маңызы бар автомобиль жолдарын күн сайын патрульдеуде, деп хабарлады ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі.

Осы ретте су басу қаупі бар 288 жол учаскесі, 52 көпір мен 717 су өткізу құбыры бақылауға алынды. Әсіресе, су басу қаупі төніп тұрған Ақмола, Шығыс Қазақстан, Қарағанды, Павлодар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан сияқты 6 облыстың жолдарына ерекше көңіл бөлінген.

Мәселен, Ақмола облысында автомобиль жолдарының 53 учаскесі, 114 құбыр, 18 көпір ерекше бақылауда. Бұдан бөлек, 688 құбырды ашу жұмыстары аяқталған. Мамандар "Вячеслав су қоймасына кіреберістің" (14 шақырым) және "Макинск-Ақсу-Торғай" (189 шақырым) жолының бойындағы 2 бөгетке күн сайын бақылау жүргізеді. Мұнда жолдар су астында қалуы мүмкін деген қауіп бар. 2400 құбырды ашу жұмыстары толықтай аяқталған.

Қарағанды облысында жолдардың 39 учаскесі, 400 құбыр мен 16 көпір бақылауға алынды. Жол қызметтері 1300-ден астам су өткізу құбырын ашу жұмыстарын жүргізді. Бұдан бөлек, ұзындығы 871 шақырымды құрайтын республикалық маңызға ие "Қызылорда – Павлодар" жолынан 8 шақырым жерде орналасқан Шерубай-Нұра су қоймасының бөгеті жолшылардың күнделікті бақылауында. Мұнда 2019 жылы жолдың 164-167 шақырымын күрделі жөндеуден өткізудің нәтижесінде су тасқынының салдары жойылғандығын айта кету керек, - делінген ведомство хабарламасында.

Сондай-ақ, жол қызметтері Қостанай облысындағы автомобиль жолдарының 31 учаскесін және 13 құбырды бақылауда. Мұнда  675 құбырды ашу жұмыстары толықтай аяқталған. Су тасқынын болдырмау мақсатында өткен жылы "Екатеринбург – Алматы" жолының 714-716 шақырымында көпір салынып, жолдың 3 учаскесінде қосымша су өткізу құбырлары орнатылған болатын.

Павлодар облысында автомобиль жолдарының 5 учаскесі және 5 құбыр бақылауға алынып, 462 су өткізу құбыры ашылды. Су тасқыны салдарын жою мақсатында жолшылар "Қалқаман – Баянауыл" жолының 100-105 шақырымы аралығындағы учаскесінде көпірдің құрылысына кірісіп кетті.

Солтүстік Қазақстан облысында жолдардың 37 учаскесі, 38 құбыр мен 2 көпір су астында қалуы мүмкін. Бүгінге дейін 582 құбыр ашылған.

Тұтастай алғанда, бүгінгі таңда республикалық маңызы бар жолдарда 8826 құбыр ашылды. Су басу қаупі төніп тұрған учаскелерде техниканың 797 бірлігі жұмыс істемек. ҚР ИИДМ Автомобиль жолдары комитеті, "QazAvtoJol" ҰК" АҚ және "Қазақавтожол" ЖШС қызметкерлері арасында тәулік бойғы кезекшілік ұйымдастырылды. Бүгінге дейін су арналарының тасуы байқалған жоқ.

Өзгелердің жаңалығы