Нұр-Сұлтандағы автобус ұрыларын әп-сәтте анықтауға болады

15 Қазан 2019, 15:51
1641
Бөлісу:
Нұр-Сұлтандағы автобус ұрыларын әп-сәтте анықтауға болады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Жолақысын төлеудің жаңа тәсілі автобус ұрыларының жүзін әп-сәтте анықтауға мүмкіндік береді. Бұл туралы бүгін елордада өткен конференцияда "IPay" компаниясының құрылтайшысы Алмас Айменов мәлімдеді. 

Ол жаңадан әзірленген Face Pay жүйесін таныстырды. Face Pay биометриялық тану, яғни адамның кім екенін, қашан және қайда барғанын фото арқылы анықтайды.Telegram-ботта ЖСН арқылы тіркелу, селфи және автобус картасының нөмірімен қоғамдық көлікте жолақысын төлеуге болады. Ол үшін бар болғаны камераға қарасаң жеткілікті. 

"Арнайы қара тізім болады. Бұл қауіпсіздікті қамтамасыз етеді. Құқық қорғау органдары іздеу үшін жүктеген кез келген фото-суреттері бар адамдардың жүзі жалт етіп шыға қалса, ол қандай-да бір сигнал береді. Астана LRT оның қандай дабыл екенін анықтап, полицейлермен бірлесіп жұмыс істейді. Бізге тек фотосы болса болғаны. Аты-жөні, ЖСН-і қажет емес. Сол фото-суреті арқылы ол адамның қазір автобуста ма, әлде жоқ па соны анықтап аламыз", - деп айтты Алмас Айменов. 

Ол "сол қылмыскер мінген автобус" туралы хабарламаны Полиция департаментіне жолдайтынын түсіндіріп өтті. 

"Мәселен, автобуста Сіздің ұялы телефоныңызды немесе әмияныңызды ұрлап кетті делік. Сізге сол сәтте-ақ автобустың ішінде отырған жолаушылардың арасынан жоғалтқан затыңызды бірден тауып бергенде қалай қуанасыз. Бұл, бір жағынан балалардың қауіпсіздігі үшін де пайдалы. Бұған бейне бір артыңыздан аңдып жүргендей қарамаңыздар. Бұл дегеніміз – сервис, қолайлы және қауіпсіз", - деп түйіндеді өз сөзін әзірлеуші. 

Бұған дейін Астана LRT ЖШС басқарма төрағасы Бекмырза Игенбердинов конференция барысында жолақысын төлеуден жалтарғандарға 42 миллионға жуық айыппұл салынғаны туралы айтқан болатын.



Өзгелердің жаңалығы