Ауыр атлетикадан 2024 жылы Париж Олимпиадасына кімдер баруы мүмкін?

30 Шілде 2021, 16:49
2568
Бөлісу:
Ауыр атлетикадан 2024 жылы Париж Олимпиадасына кімдер баруы мүмкін?

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. 2024 жылы Ауыр атлетикадан ауыр атлетикадан баруы мүмкін спортшылар есімі аталды. 

Бұл туралы ОКҚ алаңында өткен онлайн брифинг кезінде Ауыр атлетикадан ҚР Мемлекеттік жаттықтырушысы Меңдіхан Тәпсірұлы айтты.

Ол алдымен қазақстандықтарды ауыр атлеттердің жеңісімен құттықтады.

Алдымен жеңіспен құттықтаймын. Бұл - қазақ спортшыларының, қазақ ауыр атлетшілерінің жетістігі. Илья Ильин, Игорь Сон, Зульфия Чиншанло сияқты Олимпиада, Әлем чемпиондарының ізбасарлары қазақ елінде көптеп шығып жатыр. 2018 жылы Жасөспірімдер арасында Америкада өткен Әлем чемпионатында Қазақстаннан 5 жасөспірім барып, бесеуі де 100 пайыздық көрсеткішке жетіп, Әлем чемпиондары атанып келгендерін білесіздер, - деді жаттықтырушы.
Меңдіхан Тәпсірұлы қазақстандық ауыр атлетшілер әр халықаралық сайыстарда жеңіспен, жүлделі орындармен оралып жүргенін айтты.
Әлем рекордтарын жаңартқан жасөспірімдеріміз бар. Ерлер арасында да, қыздар арасында да олардың аттарын көптеп атауға болады. Енді ерекше көзге түсіп, 2024 жылғы Париж Олимпиадасына баратын басты үміткерлеріміз – Рахат Бекболат, Абылай Әуелханұлы, Есенгелді Сапи, Нұрғиса Әділетұлы, Ақмолда Сайрамкез және басқа да жасөспірімдеріміз. Олар халықаралық жарыстарда тұрақты жүлделі орындармен оралып жүр. Енді олар Олимпиадаға барады деп үміттенеміз, - деп атап өтті Меңдіхан Тәпсірұлы жас спортшылар туралы.
Сонымен қатар қыздар арасында Сансызбаева Айсамал, Омарова Аиша, Шалқарова Руфина, Пастухова Ольга, Ли Надежда, Мешітханова Раушан сынды мықты жасөспірім қыздарымыз бар екенін айтты.

Еске сала кетейік, 61 келіге дейінгі салмақта сынға түскен қазақстандық зілтемірші Игорь Сон Олимпиаданың қола жүлдегері атанды. Спортшы жұлқа көтеруде 131 келіні бағындырса, серпе көтеруде 163 келіні еңсерді.

Сонымен қатар Қазақстанға екінші қоланы 55 келіге дейінгі санатта Зульфия Чиншанло алып келді. Зульфия 213 келі (90+123) көтерді.

Өзгелердің жаңалығы