Ауылшаруашылық өнім көлемі 6,3 трлн теңге болды. Бұл – ЕАЭО-дағы ең жоғары өсім

4 Наурыз 2021, 17:02
1595
Бөлісу:
Ауылшаруашылық өнім көлемі 6,3 трлн теңге болды. Бұл – ЕАЭО-дағы ең жоғары өсім

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында «Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың негізгі бағыттары және инвестициялық жобалардың іске асырылуы туралы» өткен онлайн брифинг барысында АШМ Стратегиялық жоспарлау және талдау департаментінің директоры Сәуле Молдабаева айтты.

Оның мәліметінше, 2020 жылдың қорытындысына сәйкес, агроөнеркәсіптік кешен саласында іс жүзінде барлық макрокөрсеткіш бойынша оң өсу серпіні байқалып отыр.

Жалпы ауылшаруашылық өнімі көлемі 5%-ға артып, 6,3 трлн теңгені құрады. Бұл Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында ең жоғары өсім. Тамақ өндірісі 4%-ға өсті. Ауыл шаруашылығының негізгі капиталына инвестициялар ағыны 15%-ға, ал тамақ өнімдері өндірісі 13,5%-ға ұлғайды, - деді ол.

Сәуле Молдабаева агроөнеркәсіптік кешенді әрі қарай дамыту үшін Президент еңбек өнімділігін 2,5 есеге, өңделген өнімді экспорттауды 2 есеге, ішкі нарықты ауылшаруашылық тауарларға толтыру деңгейін 80%-ға арттыру бойынша тапсырма бергенін айтты.

Еңбек өнімділігін арттыру мақсатында АӨК-ге мемлекеттік қолдаудың тиімділігін қамтамасыз ету жөнінде жұмыс жасалып жатыр. Осы бағыттар үшін былтыр министрлік субсидиялау механизмін қарастырған болатын. Сонымен қатар шағын және орта фермерлерді субсидиялау шегіне қолжетімділік мәселесі де өзгерді. Мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттыру үшін биыл бизнеске арналған қарсы міндеттер кезең-кезеңмен енгізілетін болады. Базалық субсидиялау бойынша субсидия көлемінің артуы есебінен 2025 жылға қарай ауылшаруашылық техникасын сатып алу көлемін 1,5 есеге, минералды тыңайтқыштарды қолдану көлемін 1,4 есеге, сапасы жоғары тұқым сатып алуды 1,2 есге арттыру көзделіп отыр, - деді ол.

Бұл ретте мемлекеттік қолдаудың негізгі принципі – оның тұрақтылығы мен сабақтастығы болып қала бермек.

Өзгелердің жаңалығы