Ауылға баратын жас дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы ұлғайтылады

1 Наурыз 2021, 12:55
1660
Бөлісу:
Ауылға баратын жас дәрігерлерге берілетін көтерме жәрдемақы ұлғайтылады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы бүгін ҚР Премьер-министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен өткен ведомствоның кеңейтілген алқа отырысында Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой айтты.

Медициналық ұйымдарды білікті кадрлық ресурстармен жасақтау үшін біз мынадай шараларды көздеп отырмыз. Медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен арттыру: 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге дейін. Ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар үшін көтерме жәрдемақы 70-тен 100 АЕК-ке дейін (204 190 теңгеден 291 700 теңгеге дейін) ұлғайтылады, - деді Алексей Цой.

Сонымен қатар, министрдің айтуынша, 2030 жылға дейін медицина кадрларының қамтамасыз етілуін болжау моделін енгізу көзделген.

Медициналық қызметкерлердің біліктілігін халықаралық стандарттарға сәйкес деңгейге дейін арттыру үшін төмендегідей шаралар жоспарланған:

- білім беру қызметтерінің құнын қалыптастырудың жаңа әдістемесін енгізу, сондай-ақ мемлекеттік білім беру гранттарын 40%-ға арттыру; 

-медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыру;

- медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын 25%-ға арттыру (42 мың теңгеге дейін);

- мейіргер қызметі қызметкерлерін даярлау (PhD) және мамандандырудың жаңа бағдарламаларын әзірлеу және енгізу, - деді министр.

Сонымен қатар, Цой отандық ғылымды дамыту үшін Open Access биомедициналық зерттеулер тізімін іске қосуды және «бірыңғай терезе» арқылы клиникалық зерттеулер жөніндегі үйлестіру орталығын құруды жоспарлап отырғанын жеткізді.

Айта кетейік, министр бұған дейін 2021 жылы «биологиялық қауіпсіздік туралы» заң әзірленетінін және елімізде 20 ірі заманауи клиника салынатынын айтқан болатын.


Өзгелердің жаңалығы