Бас жаңалықтар
Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды іске асыру үшін ұсыныстар жинақталады
01 Қазан 2021, 16:38 124

Ауылдық жерлерде азаматтық бастамаларды іске асыру үшін ұсыныстар жинақталады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бүгін, яғни 1 қазанда Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының алаңында Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Болат Тілеповтың төрағалығымен Қазақстан Республикасы Президентінің Жолдауын талқылау бойынша ауылдардағы ҮЕҰ өкілдерімен пікір алмасу жиыны болып өтті.

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауын жүзеге асыру аясында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде гранттық қаржыландыру жүйесін жеңілдету арқылы ауылдағы азаматтық бастамаларды қолдау тетігі әзірленіп жатыр. Оның қорытындысы бойынша ауылдардағы ҮЕҰ ауылда әлеуметтік белсенділікті жандандыру үшін жақсы серпін алады, - деп хабарлады вице-министр.

Азаматтық бастамаларды қолдау орталығының басқарма төрағасы Лима Диас ауылдардағы бастамаларды қолдау саласындағы орталықтың қызметі туралы айтып берді. Мәселен, 2020 жылы орталық желісі бойынша 14 өңірде ауылдық бастамаларды қолдау жөніндегі жоба іске асырылған. Оның шеңберінде өңірлік ҮЕҰ атынан 14 оператор айқындалып, ауылдық ҮЕҰ мен бастамашыл топтар үшін әлеуметтік идеялар мен жобаларды іске асыру үшін 500 мың теңгеден 140 шағын грант ұсынылған.

Биыл ауылдарда 44 миллион теңге сомасына 92 шағын грант іске асырылып жатыр. Мысалы, «Ақтөбе облысының ҮЕҰ Қауымдастығы» ЗТБ іске асыратын ауылдағы азаматтық бастамаларды дамытуға бағытталған іс-шаралар кешенін ұйымдастыру» жобасы бойынша республикамыздың 13 өңірінде 500 мың теңгеден 60 шағын грант ойнатылды, – деп атап өтті Л.Диас.

«Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы» ЗТБ төрағасы Айгүл Дүйсенова ауыл тұрғындары мен ауылдық ҮЕҰ үшін жергілікті жерлерде жұмыс істеудің маңыздылығын атап өтті. Соның арқасында олар өз бастамаларына орталықтан білікті көмек пен қолдауға ие болған.

Пікірталас алаңының жұмысына қатысатын ауылдық ҮЕҰ өкілдері мен бастамашыл топтардың мүшелері ауылдағы азаматтық бастамаларды қолдаудың әзірленіп жатқан жаңа тетігі ауылдаржағы ҮЕҰ-ны дамытуға көмектесетініне сенім білдірді.

Іс-шараның қорытындысы бойынша Ақтөбе облысының үкіметтік емес ұйымдар Қауымдастығы Азаматтық бастамаларды қолдау орталығымен бірлесіп, жергілікті жерлерде азаматтық бастамаларды қолдау тетігін одан әрі жетілдіру жөнінде ауылдардағы ҮЕҰ мен бастамашыл топтардың өкілдерінен ұсыныстарды жинайтын болды.

 

 

 



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...