Ауылдарда жасыл экономиканы дамытамыз - Салтанат Рақымбекова

3 Қазан 2019, 17:34
2836
Бөлісу:
Ауылдарда жасыл экономиканы дамытамыз - Салтанат Рақымбекова

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. «Жасыл экономика және G-Global-ды дамыту коалициясы» ЗТБ басқарма төрағасы Салтанат Рақымбекова Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауы елдегі жүйелі реформаларға және азаматтық қоғамның белсенділігіне жол ашады дейді. 

«Мемлекет басшысы өз Жолдауында осы және алдағы кезеңдегі саяси, әлеуметтік, экономикалық реформа бағыттарын нақтылады. Президент «елдің қоғамдық-саяси өмірін жаңғыртпайынша тиімді экономикалық реформаларды жүзеге асыру мүмкін емес» деді, осыған басымдық берді. Бұған қоса, біз Тоқаевтың «халықтың үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын, билік пен азаматтық қоғамның тұрақты диалогын қолдаймыз. Бұл ортақ мемлекеттік міндеттерді шешуге мүмкіндік береді», - дейді Салтанат Рақымбекова тілшіге берген сұхбатында. 

Оның айтуынша, Үкіметке экологияны жақсарту, жаңартылатын энергия көздерін кеңінен пайдалану, табиғатты аялауды насихаттау бойынша жұмыстарды белсенді жүргізу қажет. 

«Алдағы жыл ел экологиясы үшін маңызды жыл болмақ. Себебі жаңа Экологиялық кодекс, Климат және төменгі көміртектік даму жөніндегі ұлттық стратегия, Жасыл экономикаға өту туралы тұжырымдаманың жаңа нұсқасы қабылданады. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы «экологиялық жолға» түседі. Яғни, ауыл экожүйелерді ескере отырып дамиды, ауылдық елді мекендерде жасыл экономика дамиды. Осы тұста «Бірге – таза Қазақстан!» науқанын атап өткен жөн. Оны әрі қарай жалғастыру керек. Бұған қоса, мемлекет басшысының бірқатар тапсырмасы ауыл және агроөнеркәсіп кешенінің дамуына қатысты болды. Нақтыласақ, ол ауыл шаруашылығы әлі толық пайдаланылмай жатқан Қазақстанның негізгі ресурсы екенін атап өтті. Президент агроөнеркәсіп кешенінің тиімділігін арттыру үшін органикалық егін шаруашылығын белсенді түрде дамытуды, суармалы жерлердің аумағын арттыруды және пайдаланылмайтын алқаптарды тиімсіз меншік иелерінен тартып алуды тапсырды», - деді Рақымбекова. 

Ол Тоқаев өз Жолдауында «Ауыл - ел бесiгі» арнайы жобасын жүзеге асыру жұмысын күшейтуді тапсырғанын еске салды. Рақымбекова 2019-2021 жылдары аталған бағдарлама аясында 1500 ауылға 90 млрд теңге бөлінгенін айтты. 2019 жылы қаржыландыру көлемі бір аудан орталығына орташа алғанда 670 млн теңгеден асатынын да атап өтті.

«Біз осы арнайы жобаны жүзеге асыру аясында парламент және мәслихат депутаттары, қоғам қайраткерлері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен жобаға қоғамдық мониторинг өткізуді ұсынамыз», - деп түйіндеді Салтанат Рақымбекова.

Өзгелердің жаңалығы