Ауылдарда көпбалалы отбасылар үшін аз қабатты үйлер салынады

24 Сәуір 2019, 14:18
1441
Бөлісу:
Ауылдарда көпбалалы отбасылар үшін аз қабатты үйлер салынады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Ауылдық жерлердегі көпбалалы отбасылар үшін құрылысы 4-5 айда бітетін аз қабатты үйлер салынады. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі Қайырбек Өскенбаев Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында мәлімдеді.

Мәжіліс депутаты Құралай Қаракен құрылыс жұмыстары көбінесе облыс орталықтарында, ірі қалаларда жүріп жатқанын атап өтті. Оның айтуынша,  баспанаға зәру 31 725 көпбалалы отбасының 9 461-і, немесе 30% аудан орталықтары мен ауылдық елдімекендерде тұрады.
Индустрия және инфрақұрылымдық даму бірінші вице-министрі көпбалалы отбасыларды баспанамен қамтуға 50 млрд теңге бөлінгенін, оның 27 млрд 500 млн теңгесі жаңа тұрғын үйлер салуға кететінін айтты. Бұл қаржыға аудан орталықтары мен ауылдарда да үйлер салынады. Ал 22,5 млрд теңге дайын үйді сатып алуға бөлінетінін айтты. 

Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматулин аудан орталықтары мен ауылдық жерлер тұрғындарына сатып алу арқылы баспанамен қамту жоспары туралы сұрады. 

Өскенбаев баспана құрылысы мен оны сатып алуға әкімдіктер қаржы бөлетінін айтты. Оның айтуынша, конкурс ұйымдастырылғаннан кейін кезекте тұрғандарға пәтерлер сатып алынады. Егер дайын тұрғын үй табылмаса салынатын болады. 

«Сіздер ауылдық елдімекендерде боласыздар ғой. Дайын үйді, құрылыспен айналысатын коммерциялық бизнесті қайдан табасыздар?  Жарайды, Нұр-Сұлтан , Алматы қалаларында, облыс орталықтарында дайын үйлер бар дедік, ал ауылда? Ауылдарда кім салады? Тұрғын үй кешендерін сатып аламыз дедіңіз. Ол жақта дайын тұрғын үй жоқ. Сізге не жасау қажет екенін нақты түсіну керек. 9,5 мың отбасы ауылдық жерлерде тұрады дедіңіз. Егер сіз айтқан сатып алуға бөлінетін қаржы құрылыспен мүлдем сәйкес келмейді. Себебі ол жерге коммуникация, инфрақұрылым, жол жеткізу қажет. Баға кем дегенде 40% қымбаттайды. Сіздерде соған сәйкес құраушы саны төмендейді», - деді Нығматулин. 

Өскенабев өз кезегінде ауылдарда құрылысы 4-5 айды алатын аз қабатты үйлердің құрылысы басталатынын айтты.

«Аудан орталықтарында көпқабатты үйлер салмаймыз. Құрылысы 4-5 айда салынатын аз қабатты үйлер саламыз. Сол себепті биыл жергілікті атқарушы органдарға үй салу үшін уақыт жеткілікті. Бізде мұндай типтегі жобалар бар және олардың барлығы сараптамадан өтті», - деді министрдің бірінші орынбасары.
Өзгелердің жаңалығы