Бас жаңалықтар
«Ауылдан шыққан миллионер» кітабының тұсаукесері өтті
PHOTO
24 Ақпан 2021, 22:23 398

«Ауылдан шыққан миллионер» кітабының тұсаукесері өтті

Нұр-Сұлтан. BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Досжанның «Ауылдан шыққан миллионер» атты жасөспірімдерге арналған кітабының тұсаукесері өтті.

Тұсаукесерге «Ауыл» партиясының төрағасы Әли Бектаев, кітап авторы Сәуле Досжан, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нұртөре Жүсіп және зиялы қауым өкілдері мен жас оқырмандар қатысты.

Бердібек Соқпақбаевтың «Менің атым-Қожа» атты кітабы секілді балаларға арналған мықты кітап жазуды қай жазушы армандамады екен? «Менің атым - Қожа» екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі туған балаларға арналған болатын, одан кейін осындай керемет балаларға арналған кітап жазылды, кино түсірілді дегенді естімедім. Шіркін-ай, мен де сондай тәуелсіз Қазақстанның балаларына оқу мен білімді дәріптейтін бір шығарма жазсам екен деп армандадым. Жалпы, шығарманы жазады дегенге сенбеймін, шығарма деген дүниеге келеді. Оны Алла береді. Мұны айтқан – Қабдеш Жұмаділов. Мен де солай ойлаймын. Көкейге түскен сәулемен осы кітап жазылды. Бағасын халық бере жатар. Жазушыға бақыт деген танымал тұлғаның мақтағаны емес, оқырманның оқығаны, ой түйгені. Мен үшін әрбір оқырманым қымбат. Қазірдің өзінде бұл кітапты Назарбаев мектебінің 4000-ға жуық оқушысының оқығанының өзі бақыт, - дейді «Ауылдан шыққан миллионер» кітабының авторы Сәуле Досжан.
бектаев3.jpg

Жазушының айтуынша, бұл кітап балаларды еңбекке баулитын, ілгері жылжуға, жақсы оқып, аянбай еңбек етуге шақыратын мотивациялық шығарма.

Назарбаев мектебінің бір оқушысы шығармадағы басты кейіпкер Жомартты «бүгінгінің Стив Джобсы» деп айтыпты. Осы сөзден-ақ шығарманың басты идеясын аңғаруға болады. Қазір орыс тіліне аударып жатырмыз. Екі мәрте қайта басып шығарылды. Бүгінде қайта басылым деген сирек кездеседі. Ең қайырымды оқырман балалар екен, - дейді жазушы.
Шығарманың жазылу стилі жасөспірімдердің қабылдауына өте жеңіл, оқиғалар желісі оқырманға мотивация беретін қызықты сюжеттерге құрылған. Автор басты кейіпкер Жомарттың іс-әрекеті арқылы білім мен еңбекті үлгі етеді.

бектаев1.jpg

Депутат Әли Бектаев балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру маңызды екенін айтты.

Балалар әдебиетіне дұрыстап көңіл бөлетін уақыт келді. Технологияның дамыған заманында жастарымыз әлеуметтік желілерде көп отырады. Өзіміздің балаларымыздан бастап әрқайсымыз кітаптың орны бөлек екендігін түсіндіруіміз керек. Кітап оқыған адамның ой-өрісінің дамуы да, тәрбиесі де, өмірді қабылдауы басқа деңгейде болады. Ең негізгі мақсатымыз – балалардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев та қазақ қаламгерлерінің балаларға арналған үздік шығармаларын көптеп басып шығаруды және таратуды қолға алу керектігін атап өтті,- дейді Бектаев.
бектаев.jpg

Ол «Ауыл» партиясы осы игі бастамаға алғашқылардың бірі болып үн қосып, Сәуле Досжанның  «Ауылдан шыққан миллионер» кітабын басып шығарып, туындының тұсаукесерін ұйымдастырып отырғанын айтты. 

Дәл осындай алдағы уақытта жарық көретін бірнеше кітаптар бар. Шығарманың тақырыбы мен онда орын алатын оқиғалар, ауыл баласының өмірі, кейіпкердің туған анасы мен оның денсаулығы үшін жасаған қадамдары кітаптың басылымға таңдалып алынуына тікелей әсер етті. Ол кітаптың жастарға беретін тәлім-тәрбиесі зор,- дейді сенатор.
Тұсаукесер барысында балалар әдебиетінің өркендеуіне үлес қосу қажеттігі айтылды.  

мили.jpg
Дәл осы балалар әдебиетін кең насихаттауға қоғамдық-саяси ұйымдар, партиялар, бизнес өкілдері, бәрі атсалысуы қажет. Кітап дүкендерінің сөрелерінен түрлі-түсті мұқабасы бар, орыс, ағылшын тіліндегі небір иллюстрациялық, бала түгілі ересектердің өзі қызығатындай кітаптарды көреміз. Оны балаларымызға берсек те, біреуге сыйға тартсақ та, өзіне жақын тартып, оқуға талпыныс жасайтындай әдемі кітаптар. Біз де соған ұмтылайық. Қазақ тіліндегі балалар әдебиетін өркендеуіне үлес қосайық, - деді депутат.
Жиында сөз алған қаламгерлер мен әдебиет саласының мамандары шығарманың көркемдік сипаты мен идеялық мазмұнына баға беріп, кітаптың жас жеткіншектер үшін тәрбиелік тұрғыдан маңыздылығын атап өтті.
Раушан Арманқызы



Фото: автордан
Загрузка...