Ауыл жолдарының жағдайы сын көтермейді – сенатор

18 Қараша 2021, 17:18
1080
Бөлісу:
Ауыл жолдарының жағдайы сын көтермейді – сенатор

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Сенатор Әли Бектаев ауылды жерлердегі мәселелерді көтерді.

Сенатор 2020 жылғы қазан айында Сенат өткізген Парламенттік тыңдауда ауыл аумақтарды дамыту барысындағы кемшіліктер сараланып, Үкіметке ұсыныстар жолдаған болатынын айтып өтті. Енді сол ұсыныстардың біразы «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты Ұлттық жобада ескеріліп отыр.

Бұған дейінгі Мемлекеттік бағдарламалардың үлкен кемшілігі – бір-бірімен үйлестірілмегенінде болатын. Мысалы, 2015-2021 жылдар аралығында сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін дамытуға республикалық бюджеттен және бюджеттен тыс 1,2 трлн теңге қаржы жоспарланып, оның 917 млрд теңгесі ғана бөлінген. Сумен жабдықтауды қаржыландыру бірнеше бағдарламалар және түрлі министрліктер арқылы жүргізіліп келеді. Әр түрлі бағдарламалар шеңберінде бірыңғай қаржыландыру тәсілінің болмауы экономикалық әсерді дұрыс талдауға, бюджет қаражатын тиімді жоспарлауға, іске асыру шараларын дұрыс айқындауға мүмкіндік бермейтіні анық. Мысалы, ресми деректерде ауылдық аумақтарды орталық су жүйесімен қамту 80%-дан асты деген мәлімет бар. Ал ішкі су жүйелерінің 50%-дан астамының тозғаны еш жерде айтылмайды, - деді ол.

Бектаевтың сөзінше, «Ауыл – ел бесігі» жобасының да кемшілігі – өндіріспен үйлестірілмегендігінде болып отыр. Сенаторлар елді мекендерде жол салу, су шығару, әлеуметтік нысандарды жөндеу өте маңызды, бірақ жаңа өндіріс орындарын ашу, тұрғындарды, әсіресе жастарды тұрақты жұмыспен қамту одан да маңызды деп есептейді.

Ауылдарда әлеуметтік инфрақұрылымдарды жаңғыртумен бірге жаңа жұмыс орындарын ашу қатар жүргізілгені дұрыс. 2017-2021 жылдарға «Еңбек» бағдарламасына қаралған 593 млрд теңге қаржының 42%-ы ғана бөлінген. Тұрғындар үшін өз кәсібін ашуға ауадай қажет қаржылардың бөлінбей қалуы түсініксіз. Жұмыс болмаса ауыл халқының көшу үрдісі тоқтамайтыны анық, - дейді ол.

Әли Бектаев халқы тығыз орналасқан өңірлерден тұрғындарды солтүстік аймақтарға көшіру бағдарламасына да көзқарасты түбегейлі өзгерту қажет екеніне тоқталды.

Бөлініп жатқан қаржы көлемін көбейте отырып, келген отбасыларға жағдай жасау, жұмыспен қамту сияқты нақты шараларды іске асыру өте маңызды. Өкінішке қарай, көшіп барған отбасыларға үй алып беру үшін тек Солтүстік Қазақстан облысында ғана қаржы қаралған. Оның өзінде 2021 жылға бөлінген 1,9 млрд теңге мақсатты трансферттің 9 айда тек 19%-ы ғана игерілген. Басқа облыстарға қаржы неге бөлінбейді? Жергілікті жерлерде осы бағытта тиянақты және мақсатты жұмыстың жоқтығы көрініп тұр, - деп атап өтті ол.

Сенатордың айтуынша, қолданыстағы бағдарламалар талаптары ауыл азаматтары үшін қолжетімді емес.

Біздің ұсынысымыз – тұрғындарға үй салу үшін жер бөлу қарқынын арттыру қажет. Соңғы 7 жылда бөлінген жер учаскелерінің саны 122 мың ғана, яғни өтініш білдірген азаматтардың 10%-на да жетпейді. Шындығында әкімдер үй іргелік жер бөлуге ынталы емес. Себебі инфрақұрылым жүргізуге жергілікті бюджеттің шамасы жетпейді, ал Республикалық бюджеттен бөлініп жатқан қаржы мардымсыз. Сондықтан да Үкімет бекіткен үй іргелік жер бөлу қағидаларын өзгерте отырып, инфрақұрылымдық жобаларға қойылатын талаптарды ықшамдау да керек шығар, - деді ол.

Депутат Әли Бектаевтың сөзінше, өңірлерде проблемалар жетерлік.

Облыстардың жартысында ауыл жолдарының жағдайы сын көтермейді, елді мекендерді газдандыру 33%-дың деңгейінде. 850-ден астам ауылдарда бірде бір медицина мекемелері жоқ. Әрине өңірлерді дамыту, соның ішінде ауыл аумақтарды дамыту бір ғана бағдарламамен шешілмейді. Жаңа қабылданған Ұлттық жобалар мақсаттарды бір сағаға түйістіреді деп сенеміз. Біздің ойымызша, әр Ұлттық жобаның іске асырылуын үйлестіретін жобалық офистер министрліктерде емес, Үкіметтің жанынан ашылуы керек, оларды Үкімет басшысының орынбасарлары басқаруы тиіс, - деп толықтырды сенатор Әли Бектаев.
Өзгелердің жаңалығы