Ауыл шаруашылығында сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгереді

27 Наурыз 2019, 15:56
2196
Бөлісу:
Ауыл шаруашылығында сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгереді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің жалпы отырысында агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасының бірінші оқылымы өтті. Осы орайда, Ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров заң жобасындағы концептуалдық өзгерістерді атады.

«Қаржыландырудың қолжетімдігін арттыру үшін заң жобасы аясында қолданыстағы қаржы тетіктерін жетілдіру және жаңаларын енгізу көзделген. Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйесі түбегейлі өзгеретін болады. Міндетті сақтандырудан ерікті сақтандыруға, сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшіру жүзеге асырылады. Сақтандырудың қолданыстағы тетігі салада тәуекелдерді басқарудың тиісті деңгейін қамтамасыз етпейді деп айтуға болады. Егіс алаңдарының жартысы да сақтандырумен қамтылмайды», - деді Омаров. 

Оның айтуынша, бұл сала былтыр 43% ғана сақтандырылған. Ал сақтандырудың 70%-ы өзара сақтандыру қоғамдары жабады. Оларды тиісті бақылаудың жоқтығы – тарифтерді белгілеу, сақтандыру сыйақыларын жинау, сақтандыру төлемдерін төлеу бөлігінде заңнаманы бұзуға әкеледі. 

«Міндетті сақтандырудың келеңсіз тәжірибесін ескере отырып, ерікті сақтандыруға көшу туралы шешім қабылданды. Сақтандыру төлемдерін субсидиялаудан сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға көшу агроөнеркәсіптік кешен субъектілері үшін сақтандыруға қолжетімділікті арттырады. Өйткені сақтандыру полисі екінші дейгелі банктерден қарыз алуда қосымша кепілдік бола алады», - деді Ауыл шаруашылығы министрі.

Назерке Абибулла
Өзгелердің жаңалығы