Ауыл оқушыларының тек 40%-ы қосымша біліммен қамтылған - Аймағамбетов

20 Сәуір 2021, 11:20
1613
Бөлісу:
Ауыл оқушыларының тек 40%-ы қосымша біліммен қамтылған - Аймағамбетов

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Үкімет отырысында ауыл мектептеріндегі қосымша білім беруге қатысты жоспарымен бөлісті.

Ауылда қосымша білім беруді дамыту да маңызды мәселенің бірі. Білім беру сапасына үйірмелердің жұмысы әсер етеді.

Бүгінгі таңда ауыл оқушыларының тек 40%-ы ғана қосымша біліммен қамтылған. 2025 жылға қарай қосымша біліммен 100% қамту жоспарланып отыр. Ол үшін биылдан бастап алғаш рет балаларға қосымша білім беруге мемлекеттік тапсырысты орналастыру механизмі енгізілді. Арнайы заң қаңтар айында қабылданды, - деді Асхат Аймағамбетов.

Министр атап өткендей, шағын жинақталған мектептерде білім беру сапасын арттыру мақсатында тірек мектеп ресурстық орталықтары мен интернат желісін кеңейту жоспарланып отыр.

Сонымен қатар ауыл мектептерінің көбі бір ауысымда оқығанның арқасында оқушылар үшін толық күн жұмыс істейтін форматқа көшуді жоспарладық. Ауыл балаларының дамуындағы ерекшеліктерін ерте анықтауға және оларды уақытылы қолдауға назар аударылады, - деп түсіндірді Білім министрі.

Еске сала кетейік, елімізде 5 268 ауылдық мектеп жұмыс істейді, онда қазіргі күні 1,5 млн оқушы білім алып жатыр.

Өзгелердің жаңалығы